Қазақстан-Қытай кинофестивалінің ашылу салтанатына арнайы келген қытайлық танымал актер Джеки Чан Димаш Құдайбергеннің киноға түсуі жайында өз ойын білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Джеки Чан кинофестивалінің ашылу салтанатына арналған баспасөз мәслихатында ҚазАқпарат агенттігінің сұрағына: «Теледидардан Димаштың керемет дауысын естіп, жас таланттың өнеріне тәнті болдым. Кейін ол менің фанатым екенін білдім. Әрине, мен оны кино саласында өте тамаша актер болады деп ойлаймын», - деп жауап қайтарды.
Бүгін Астана қаласындағы Қазмедиа орталығында «Қазақстан-Қытай кинофестивалінің» ашылу салтанаты өтіп жатыр. Кештің құрметті қонағы ретінде Оскар сыйлығының иегері, әлемге танымал қытайлық актер Джеки Чан келіп отыр.
Еске сала кетейік, әлемдік актер, каскадёр, кинорежиссёр, кинопродюсер, сценарист, әнші, миллиондаған көрерменнің сүйіктісіне айналған аңыз адам - Джеки Чан кеше алғаш рет Астанаға келді. Шараның басты ұйымдастырушылары - «Қазақстан» республикалық телерадиокорпорациясы мен ҚХР Баспасөз, баспа, радио, кино және телевизия ісі жөніндегі мемлекеттік басқармасы.
Айта кету керек, 7-18 маусым аралығында Астанада өтетін Қытай киносы фестивалі аясында елордалықтар мен қала қонақтары «Іле өзені», «Шынайы махаббат», «Гүлім», «Қатерлі ісік мырза, кетіңіз», «Қасқыр тотемі» сынды туындыларды тамашалай алады.
Айта кетейік, Қытайда Singer 2017 ән байқауына қатысқан қазақстандық әнші Димаш Құдайберген әйгілі кино актері Джеки Чанмен кездесіп, қазақи шапан кигізген болатын.
Бұдан соң Димаш инстаграм парақшасына «Бүгін менің өмірімде тариxи есте қалатын ерекше күн. Атақты актер Джеки Чан мырза мені теледидардан көріп, кездесуге шақырды. Кездесуде актер маған өзінің эксклюзивті күртешесін және арнайы фирмалық ән тыңдау құрылғысын сыйға тартты. Ал мен актерге қазақтың шапанын жауып, домбыраны сыйға тарттым. Домбырамен бір күй шертіп беруімді өтінген Джеки Чанға Нұрғисаның «Әлқисасынан» шашу шаштым! Өз кезегінде актер маған соңғы «Kung Fu Yoga» кинокартинасындағы би қимылдарын үйретті. Бала кезімнен бері келе жатқан сүйікті актерім маған өз ақыл кеңестерін беріп, шығармашылығымды бақылайтынын айтты. Сөз соңында, барша Қазақстан xалқын жаңа жыл мерекесімен құттықтап, әдемі лебіз-тілегін білдірді. Келесі кездесуді асыға күтеміз. Армандар орындалады!», - деп жазды.