17 сәу, 2019 сағат 16:19

"Дос-Мұқасан" тобының әншісі әуежайда шыққан шу туралы: "Бәрі жала!.."

"Дос-Мұқасан" тобының әншісі Мұрат Құсайынов Нұр-Сұлтан әуежайында болған оқиғаға қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.

Бұған дейін "Эйр Астана" әуе компаниясының баспасөз қызметі Мұрат Құсайыновты әуежай қызметкеріне қол көтеріп, денсаулығына зиян келтірді деп айыптаған еді.

Алайда әйгілі "Дос-Мұқасан" тобының әншісі мұның бәрін жоққа шығарып отыр.

"Мұның бәрі – маған жасалған қиянат. Мен "Эйр Астанамен" үнемі ұшамын, бұрын-соңды мұндай жағдай болған емес. Бәрі жала", - деді Құсайынов.

Оның айтуынша, әуежай қызметкерлері рейс алдында әншіден аяқ киімді шешуді талап еткен.

"Әуежайда киім шештіреді, тағысын тағы. Қалай тексеретінін білесіздер ғой. Мен бәрін орындадым. Бір кезде аяқ киімді шеш деді. Мен шешпеймін дедім. Ешқандай да қылмыскер емеспін, мені ел таниды, апта сайын ұшамыз дедім. Сканер бар ғой, сонымен тексеріңіздер дедім. Бірақ олар болмай қойды. Содан ашулана бастадым, сөзге келіп қалдық. Бірақ, қол жұмсаған жоқпын. Бұл өтірік", - деді "Дос-Мұқасан" тобының солисі.

Айтуынша, әуежай қызметкерлері оны рейске жібермеген, сөйтіп әншінің билеті күйіп кетіпті.

"Эйр Астана"-мен бұрыннан ұшамын. Бұлар кейінгі кездері адам сыйламайтын болған сияқты. Ел біледі, халық таниды деп түсіндірмек болдым, тыңдамады", - дейді әнші.

"Эйр Астана" әуе компаниясының баспасөз қызметі 14 сәуірде "Нұр-Сұлтан – Алматы" бағытына қатынайтын КС 852 ұшағынан тәртіпке бағынбаған жолаушы шығарылғанын хабарлады. Олардың мәліметінше, Мұрат Құсайынов әуе компаниясы қызметкерлерінің көзінше жолаушыларға қызмет көрсету бөлімі басшысының маңдайына қатты соққы жасап, оның денсаулығына зиян келтірген.

Осыдан кейін әуе компаниясы Нұр-Сұлтан қаласы әуежайындағы полиция бөліміне Мұрат Құсайыновты жауапқа тарту және сотқа дейінгі тергеу жүргізу жөнінде арыз түсірген.