06 қар, 2024 сағат 15:37

Дональд Трамп АҚШ президенттік сайлауында жеңіске жеткенін жариялады

Фото: Gage Skidmore (Wikimedia Commons)

Трамп өз жақтастарына үндеу жасап, АҚШ президенттік сайлауында жеңіске жеткенін мәлімдеді. Республикалық партияның кандидаты соңғы есептер бойынша 267 сайлаушы дауысын жинап, ресми жеңіс үшін небәрі үш дауысқа жетпей тұр.

NBC News ақпаратынша, Дональд Трамп барлық штаттағы дауыстардың толық саналуын күтпестен, Пенсильвания сияқты бірнеше негізгі штаттардағы жеңістерінен кейін жақтастарына сөз сөйледі. Ол өзінің президенттікке сайлануы «елді емдеуге көмектесетінін» айтты.

«Мені өздеріңіздің 47-ші және 45-ші президенттеріңіз етіп сайлағандарыңыз үшін Америка халқына зор алғысымды білдіремін», — деді Трамп өз алдыңғы мерзімін еске сала отырып.


Трамп ресми сайланғаннан кейін вице-президент болатын Джек Вэнс бірінші болып оны жеңісімен құттықтады:

«Біз Америка Құрама Штаттары тарихындағы ең ұлы саяси оралудың куәсі болдық деп ойлаймын», — деді Вэнс.


The Associated Press агенттігінің хабарлауынша, бірнеше әлемдік көшбасшылар Трампты ресми жеңіс расталмаса да, құттықтап үлгерді.

Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяху әлеуметтік желідегі жазбасында Трамптың Ақ үйге тарихи оралуы Американың жаңа кезеңіне бастау болып, Израиль мен Американың одағын нығайтатынын айтты.

Украина президенті Владимир Зеленский де Трампты алғашқылардың бірі болып құттықтап, былай деп жазды:

«Президент Трамптың жаһандық істерде «күш арқылы бейбітшілік» принципіне берілгендігін жоғары бағалаймын. Бұл әділ бейбітшілікке жақындаудың нақты жолы. Бұл принципті бірге жүзеге асырамыз деп үміттенемін».

Франция президенті Эмманюэль Макрон өз құттықтауында Трамппен алдағы төрт жылда бейбітшілік пен өркендеу жолында ынтымақтаса жұмыс істеуге дайын екенін атап өтті.

НАТО бас хатшысы Марк Рютте де республикалықтарды құттықтап, Трамппен бірлескен құрылымды жұмыс күтіп отырғанын айтты.

Дональд Трамптың жеңісі ресми түрде әлі расталмаса да, АҚШ сайлауының нәтижесі іс жүзінде шешілген. Демократиялық партия өкілі Камала Харристің жеңіс үшін қажет 270 дауыс жинауға мүмкіндігі қалмады (The Associated Press мәліметінше, Харристің есебінде 224 дауыс бар).