2021 жылы "Новая газетаның" бас редакторы Дмитрий Муратовқа берілген Нобель сыйлығының лауреаты медалі АҚШ аукционында 103 жарым миллион долларға сатылды. Бұл ақпарат Американың Heritage Auctions сауда үйінің сайтына шыққан. Сатып алушының аты-жөні белгісіз.
Сауданың өзі 20 маусым – Дүниежүзілік босқындар күні өткен.
Аукцион басталмас бұрын Муратовқа "марапатыңызды сатуға дайынсыз ба" деген сұрақ қойылды, ол "иә" деп жауап берді.
Ставкалар 700 мың доллардан басталды, бірақ бірнеше минут ішінде медальға ұсыныс бірнеше миллион доллардан асты. 16,6 миллион доллар сомасынан кейін белгісіз сатып алушы телефон арқылы 103,5 миллион долларға ставка жасады, оны ешкім тоқтата алмады.
Аукционнан түскен ақшаның бәрі украин босқындары мен олардың балаларына жұмсау үшін Біріккен ұлттар ұйымының Балалар қорына (ЮНИСЕФ) аударылады.
БАҚ жазуына қарағанда, бұл - Нобель сыйлығының тарихындағы ең қымбат бағаға сатылған медаль. Ол Нобель медалінің бұған дейінгі рекордынан 20 есе асып түсті - 2014 жылы Christie's аукционында ДНҚ молекуласының құрылымын ашқан америкалық биолог Джеймс Уотсонның наградасы 4,76 миллион долларға бағаланған еді.