Өз-өзіне қол жұмсағандарды бір зираттың ішінде бөлек жерлеуге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы келісім бермейді. Бұл мәселе сол елді мекеннің жергілікті тұрғындары, оның ішінде ақсақалдар алқасының ұйғарымы арқылы шешіледі. Sputnik Қазақстан агенттігі жолдаған сауалға мүфтият осылай деп жауап берді.
Бұған дейін Ақмола облысы Көкшетау қаласына қарасты Красный Яр елді мекенінде суицид жасағандар бөлек жерленетінін хабарлаған едік. Мұндай бастаманы Красный Яр мешітінің бас имамы Науан Мүтәлұлы көтерген. Аталған ауылда өз-өзіне қол жұмсағандар 2010 жылдан бері бөлек жерленеді екен. Біз Қазақстан мұсылмандары діни басқармасынан мұның қаншалықты дұрыс екенін және мұндай мәселе мүфтиятпен келісіле ме, жоқ па соны сұраған едік.
"Жалпы, шариғатта өзіне-өзі қол жұмсауға қатаң тыйым салынады. Бұл – кісі өлтіргеннен де ауыр күнә. Алайда адамның бойындағы рухани, имани әлсіздік пендені осындай жаман жолға итермелейді. Аталған елді мекендегі бөлек жерлеу мәселесінің астарында да осы шариғат талаптары жатыр. Бірақ біздің бүгінгі қоғамымыз бұған дайын ба деген сауал туатыны анық. Жақыны өмірден өтіп жатқанда "бұл өзіне-өзі қол жұмсады" деп олардан теріс айналып кетуге бола ма?! Сондықтан, ондай өлімнің ауыр екенін түсінуіміз керек. Бір зираттың ішінде бөлек жерлеу мәселесін үлкендер көтергендіктен, біз оларға қарсы шыға алмаймыз. Өлген адамды қайда, қалай жерлейді, оны марқұмның ең жақындары шешетін мәселе. Сондықтан, өзіне қол жұмсағандарды бір зираттың ішінде бөлек жерлеу жергілікті тұрғындармен, оның ішінде ақсақалдар алқасының ұйғарымымен шешілгендіктен, мүфтият бұған еш араласа алмайды", — деді ҚМДБ-ның Ақмола облысы бойынша өкіл имамы Қуаныш Сәбит.
Имамның ақпаратынша, суицид жасағандар тек Красный Яр елді мекенінде ғана емес, Ақмола облысының бірқатар ауылында бөлек жерленеді.
"Мұндай бөлек жерлеу рәсімдері Ақмола облысының Зеренді ауданына қарасты бірқатар ауылда жолға қойылған. Бұл бастаманың әрісі он жыл, берісі бес-алты жылдан жалғасып келе жатқанын да айтар едік. Яғни, бұл жайдың тәрбиелік жағы маңыздырақ сияқты. Осы елді мекендерде өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары азайғаны да бұған айқын мысал бола алады", — дейді ол.
Айтуынша, суицид өлімі жөнінен Қазақстан, өкінішке қарай, алдыңғы орындардың бірінде тұр. Сондықтан халықтың санасын оятып, өзіне қол жұмсау ауыр күнә екенін жеткізу аса маңызды.
"Дін – өте нәзік нәрсе, оның ішкі шариғи талаптарын алға тартып, оған елді қарсы бағыттау жақсылыққа апармайды. Қазақ елі зайырлы мемлекет екенін де естен шығармаған жөн. Бірақ, түптің түбінде халықтың діни санасы артып, мұндай мәселелер өз орайымен шешілетін болады", — делінген жауапта.