Белгілі тележүргізуші Динара Сәтжан өзінің "Қазақстан РТРК" АҚ басқарма төрағасының кеңесшісі қызметіне тағайындалуына қатысты пікір білдірді, - деп жазады kaz.tengrinews.kz.
Динара Сәтжанның айтуынша, ол бұл қызметінде телеарнадағы арнайы жобаларға жетекшілік етеді.
"Бұйрық шығып қойды. Басқарма төрағасының арнайы жобалар бойынша кеңесшісі болып сайландым. Қазіргі уақытта маған арнаны безендіру мен оның стилистикасына қатысты тапсырмалар берілді", - дейді тележүргізуші.
Сондай-ақ, Динара Сәтжан неліктен екі жыл уақыттан соң телевидение саласына оралуды шешкенін түсіндіріп берді.
"Меніңше, мен бұл қызметке дер кезінде келіп отырмын. Біз жаңа телевизиялық маусымға дайындалып жатырмыз. Бұл жобаға келістім, себебі мен телевидение саласымен жақсы таныспын және осы салада жұмыс істеп жатқаныма 17 жыл болды. Бастапқыда бұл жұмыс қолымнан келмейді деп ойладым, себебі қазір менің өзімнің бизнесім бар, сондай-ақ, мен телевидениеде осымен екі жыл уақыт ештеңе істеген жоқпын ғой", - деді белгілі тележүргізуші.
Оның айтуынша, адамдар жақында теледидарға қайтып келеді. "Мен өзім соңғы екі жылда телевидение саласында ештеңе істеген жоқпын. Бірақ мен адамдардың теледидар мен пультті сағынатын уақыты келетініне сенімдімін. Дегенмен де мұның барлығы контентке байланысты. Телевидениеде көрермен сенен не күтеді соны істеу керек. Көрермен телевизиялық картинаны, қызықты әрі жарқын жүргізушілерді күтеді", - деді Динара Сәтжан.
Сонымен қатар, Динара Сәтжан осыған дейін "Қазақстан" телерадиокешені басқармасының төрағасы болып тағайындалған Ерлан Қаринге қатысты өз ойын айтты.
"Ерлан Қарин - тамаша стратег. Ол жақсы медиаменеджер ретінде ғаламдық тұрғыда ойлана алады. 3-4 айда телеарнада жақсы өзгерістер болды. Өткен аптада біздің арнада әлемдік жұлдыз Джеки Чан болды. Тағайындау туралы ұсынысты қабылдадым. Себебі, мен телевидениені жақсы көремін. Көрермен қызықты контент күтеді, соны істеу керек, - дейді тележүргізуші.
Динара Сәтжан көрермендерге алдағы маусымда көптеген жаңашылдық болады деп уәде берді.
"Қыркүйекте барлығымыз мүлде жаңа телеарнаны көреміз. Өте заманауи арна болады. Меніңше, жаңа телеарна жаңа жобалардың арқасында қосымша қаражат тауып отырады", - деді тележүргізуші.