06 мау, 2021 сағат 20:50

Динара Сәдуақасова кәсіби шахматшылар клубын ашуды ұсынды


Қазақстандық шахматшы, әйелдер арасында халықаралық гроссмейстер Динара Сәдуақасова кәсіби шахматшыларды даярлайтын клуб ашуды ұсынды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Жерлесіміз кәсіби шахмат клубын ашу идеясын елордадағы Тәуелсіздік сарайында балалар мен жастарға арналған дамыту орталығының ашылуы барысында ортаға салды. 

«Кітаптар шахматты қалай жылдам үйрену керектігін өзімнің ойнаған шахмат партияларымды негізге ала отырып жазғаныммен ерекшеленеді. Яғни, олардың көмегімен балалар үйде отырып, дайын үлгіге қарап жаттыға алады. Тағы бір кітап қазақ тілінде шықты. Осы орайда айта кету керек, қазақтілді ортада шахматқа деген қызығушылықтың артқаны байқалады», - деді Д. Сәдуақасова. 

Оның айтуынша, шахмат клубының филиалы елордамен қатар Атырау қаласында да бар. 

«Өңірлерден кәсіби шахмат мектебі немесе клубын ашу туралы ұсыныстар көптеп келеді. Дегенмен, алдымен саннан гөрі сапаға мән бергіміз келеді, біз үшін бастысы - аз болса да шахмат үйренуде оң нәтиженің болғаны. Сондықтан да аймақтарда асықпай ашатын боламыз. Сонымен қатар, бізге тәжірибелі жаттықтырушылардың сапаға жұмыс істегені керек және балалармен тіл табыса білу де - аса маңызды», - деді ол. 

Белгілі шахматшының сөзінше, әр балада шахмат үйрену қабілеті бар, тек оны аша білу керек. 

«Шахмат мектебіне балалар 5 жастан бастап қабылданады. Егер дарынды бала болса, онда одан да ертерек үйретуге болады. Осы орайда Қазақстанның түкпір-түкпірінен талантты деген балаларды жинап, кәсіби шахмат клубын құру идеясы бар», - деді шахматшы.