28 мау, 2019 сағат 08:45

Дін, діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу мәселелері

Дәл осындай тақырыпта Алматыда қаласында БАҚ өкілдері мен блогерлер үшін ақпараттық оқыту семинары өтті, ­ деп хабарлайды Ұлт ақпарат.

Семинарды теолог, исламтанушы, Нұр-Мүбарак университеті жанындағы Экстремизмнің алдын алу саласындағы мамандарды қайта даярлау институтының директоры Асқар Сабдин және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу оталығы» қоғамдық қорының президенті Кәкімжан Бишманов жүргізді.

Сарапшылар діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу тақырыбында қалам тербейтін журналистердің жіберетін қателіктерін атап өтті.

 «Сәлафиттер, сақалдылар, шолақ балақтылар - бұл журналистердің жиі  қолданатын сөздері. Заң тұрғысынан алғанда бұл дұрыс емес. Олар - ең алдымен тең құқылы Қазақстан азаматтары, қарапайым тұрғындар. Сондықтан, сыртқы келбетіне қарап оған күйе жағуға болмайды. Ақпарат жазғанда «сәлафиттер» деген сөзді жазбас бұрын соған көз жеткізген абзал» деді Кәкімжан Мұратжанұлы.

БАҚ өкілдеріне арналған семинардың мақсаты - тілшілерге діни экстремизм мен терроризмнің не екенін түсіндіру. «Журналистер дін саласының мамандары емес, сондықтан оларға бағыт-бағдар беру керек» деді ұйымдастырушылар.

Мамандардың айтуынша, дін, діни экстремизм мен терроризм тақырыбында мақала жазу өте қиын. Тіпті, қауіпті десек те болады. Сондықтан, қате жібермеуге тырысу керек. Әлеуметтік желіні, телеарнаны, сайттарды миллиондаған адам оқиды, көреді, тыңдайды. Журналистің білместіктен жіберген қатесі үлкен саяси дау тудыруы да мүмкін.

Айта кетейік, ақпараттық оқыту семинары 3 күнге созылды. Шараға қатысқан БАҚ өкілдері мен блогерлерге арнайы сертификат беріліп, осы тақырыпта жазатын тілшілердің алдағы уақытта қате жібермеуіне үлес қосатынын жеткізді мамандар.

Шараны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасы мен  «Қазақстан Республикасындағы лаңкестік және экстремизм мәселелерін зерттеу оталығы» қоғамдық қорының ұйымдастырған.

А.Қуат