Егемен еліміз Қазақстанның бүгінгі жағдайы рухани келісім мен өзара түсіністіктің орын алуымен ерекшеленеді және бұл көрініс әлемдік деңгейде мойындалып отырғаны сөзсіз. Осы арқылы біздінді тек уағыз-насихат жүргізу жұмысындағы құрал емес, ол бүгінгі қоғамдық қатынастарды реттеудің басты әрі қуатты құралы екендігін түсінуіміз қажет.
Бүгінде тәуелсіз елімізде 18 конфессия мен 3700-ден астам діни бірлестік тіркелген және бір шаңырақ астында сыйластықпен, келісіммен, түсіністікпен өмір сүріп жатырғанымыз әлемнің әр қилы елі үшін мақтануға тұрарлық жетістіктің бірі деп білемін.
Осы арқылы біз дінді қоғамнан бөліп қарастыра алмайтындығымызды көруге болады.Себебі «дін» әрбір мемлекеттің пайда болу кезеңінен бастап оның қалыптасуы мен дамуында, ол мемлекетте өмір сүріп жатқан ұлт пен ұлыстың ұйысуына оң ықпал етіп, тыныштық пен бейбітшілікті, тұрақтылық пен дамуына ықпал етеді.
Дін қоғамдағы әрбір азаматтың бойына адамгершілік, жүрегіні жылылық пен сүйіспеншілік оятады. Әрбір дін әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Міне, осы арқылы діннің әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқаратындығын көрдік. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда барлық адамгершілік қасиеттердің барлығы жойылып, тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.
Әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілерінің тағы бірі бұл салт-дәстүр.
Ислам діні ұлтымыздың бітім-болмысы мен мәдениетінде, салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарында өзіндік із қалдырғаны баршамызға мәлім. Халқымыздың тұрмыс-тіршілігінде сақталған баланы сүндеттеу, неке қию, Құрбан айт пен Ораза айт, жарапазан, садақа беру, пітір беру, бата беру, тәуіптік емдеу әдісі, тасаттық жасау діни жоралғылардың әдет-ғұрыптармен ұштасқандығын көрсетеді. Сан ғасырлық тарихы бар мазарлар мен кесенелер, мешіттер мен медреселер халқымыздың тарихында ұлт руханиятының асыл қазынасы ретінде қызмет атқарды. Осы ретте А.Сейдімбек ағамыздың айтқан керемет сөзі есіме түсті: «Дін - тек қана наным-сенім аясымен шектелмей, сол діндегі елдердің өмір салтына, моральдық-этикалық нормаларына, мәдени-рухани үрдістеріне, дәстүріне айналып отыр» - деп, негіздеп айтқан болатын.
Өз кезегінде, Тұңғыш Президентіміз Н.Ә.Назарбаевта Қазақстан халқына арнаған жолдауында: «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды», — деп ұлттық құндылықтардың айрықша орнын атап өткен болатын. Демек, дін,салт-дәстүр,мәдениет барлығы да біте қайнасқан жүйе екендігін ұмытпауымыз қажет.
Ата-бабадан аманат болып жеткен сол дәстүрлердің басым көпшілігі сан ғасырлардан бері ұласып келе жатқан ұғым-ұстанымдар болса, ал басым бөлігі асыл дініміз Исламның әсерінен пайда болған дағдылар. Расында да, белгілі бір қауымның қалыптасуы үшін алдымен Отаны, ортақ тілі мен діні, тарихы мен салт-дәстүрі болуы тиіс.
Осы ретте елімізде қазақты мүшрік, ал оның ғасырлар бойы қалыптасқан әдет-ғұрпын «ширк, бидғат, харам» деп жүрген топтардың да жоқ еместігін көріп, естіп, біліп жүрміз.
Осындай шетін көзқарасты идеологиялардын қорғау, дінді кері мақсатта пайдаланудың алдын алу, теріс діни идеологияның таралу жолдарын шектеу үшін елімізде 2011 жылғы 11 қазанда "Діни қызмет және діни бірлестік туралы" туралы заң қабылданды. Аталған заң жобасының қабылдануы еліміздің тұрақтылығы үшін оң нәтиже беруде. Дін туралы заңның қадау-қадау тұстары бүгінгі болмысымызда, қоғамымызда орын алып отырған әрі түрлі жағдайға алаңдаушылық білдіріп қана қою емес, оның шешімін тауып, реттелуіне бағытталған шара деуге болады.
Сондай-ақ, еліміз үшін, тіпті әлем елдері үшін ең елеулі жаңалықтардың бірі бұл әлемнің әр қилы елінен Ирак пен Сирия жеріне аттанып, жиһадшыл топтардың қатарына қосылып, опық жеген «діни фанат» өкілдерінің туған жерлеріне қайтарылуы.
Осыған орай ағымдағы жылдың қаңтар айында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастауымен Сириядағы соғыс аймағынан отандастарымызды елге қайтару бойынша бірнеше«Жусан» операциялары жүзеге асқан болатын.
Орта Азия елдері арасында Қазақстан алғашқы болып Сирияға кеткен азаматтарын қайтарып келуі тәуелсіз жас мемлекетіміз үшін әлемдік қауымдастық алдындағы өте маңызды іс шара болды. “Жусан” деп атауын қоюдың өзі қазақ халқының ертеден келе жатқан салтынан, аңызынан алынған. "Ертеде бір батыр жігіт өз елін тастап жат жұртқа кетіп қалған екен. Оны елге қайтару үшін қаншама рет барған елшілердің сөзіне құлақ аспапты. Сонда бір тапқыр данышпан елде өскен кепкен жусанның бір бумасын апарып иіскеткенде елге деген ерекше сезімі оянып, көзінен жасы тамшылап, жедел туған еліне оралыпты". Міне, біздің елдің ұландары ту етіп алған "Жусан" атауының мәнісі мен қасиетті ұғымы осында жатыр.
«Жусан» операциясы негізінде Сириядан Казақстандық азаматтарды елге жеткізу бойынша кешенді гуманитарлық операциясы барысында елге жалпы 600-ге жуық қазақстандық жеткізілді.Оның 357-сі балалар.
Елге қайтарылған азаматтардың басым көпшілігі — балалар мен әйелдер. Ал әкелерінің басым бөлігі соғыс жағдайында опат болған.
Бүгінде осылай елімізге оралғандардың қоғамның толыққанды азаматы болуына барынша мүмкіндік берілді. Айталық, арнайы оңалту орталықтарында кәсіби психологтар мен теологтар тарапынан қалыптасу үшін жәрдем беріліп жатыр. Бізде деструктивизм мен радикализмнің құрылымдарын танитын, жат ағымдықтармен жұмыс істей алатын, ислам ақидасын дәстүрлі арнаға тарта алатын кадрлар бар және көптігімен мақтана аламыз.
Әрбіріміз Сириядан оралғандар радикалды, террорист болған арабтар немесе еуропалықтар емес, өзіміздің қаракөз қазақтар екендігін түсінуіміз керек.
«Жусан» арқылы елге оралған қаракөз қазақтарға Елімізде жаңа өмір бастауға мүмкіндік бергендігін растауымыз қажет.
Бүгінгі күнде бұл бағыттағы шаралардың оң нәтиже беріп жатқандығын білгеніміз жөн. Өйткені елімізге қайтарылған әйелдердің дені радикалды көзқарастарынан айығып, азапты өмірлерінен бас тартты. Тіпті жұмысқа орналасып, туыстарының ортасына қосылды. Балалары мектеп табалдырығын аттап, балабақшаға барып жүр.
Ал соңғы екі жыл шамасында еліміздің шекарасынан Сирияға бет алған бірде-бір азамат туралы дерек жоқ. Құзырлы мекемелердің тынымсыз еңбектерінің, сауықтыру шараларының арқасында жат пиғылды ағымдардың арбауына түсушілердің саны айтарлықтай кеміді деп білемін. Яғни, халықтың діни сауаты артып келеді.Бұл еліміз үшін үлкен жетістік. Сондай ақ тарыдай шашырап кеткен, адасып ада кеткен азаматтардың отаны біреу, ол – Қазақстан және бәріміз бір туған қандас екендігімізді ұмытпауымыз қажет.
Біздің еліміз этносаралық және дінаралық келісімді сақтауда бай тәжірибеге ие және осы салада кең және тиімді ынтымақтастыққа дайын екендігін дәлелдеп келеді.
Дінаралық сұхбаттасу арқылы біздің елдің әлемдік қоғамдастықтағы абыройы артты, жаһандық құрылымдарда Қазақстан өзінің ізгі бастамаларымен және экономикасы дамыған, өзара түсіністік пен құрмет негізінде дамып жатқан қоғам ретінде танытты.
Байтенова Н.Ж. – филос.ғ.д.,
әл-Фараби атындағы ҚазҰУ
дінтану және мәдениеттану
кафедрасының профессоры
Жетпісбай Н.Ж. - әл-Фараби
атындағы ҚазҰУдінтану
және мәдениеттану кафедрасының
2 курс магистранты