Димаш Құдайбергеннің жазда елордада өтетін «Арнау» атты жеке концертін шетелдік бірнеше телеарна көрсететін болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Еске сала кетсек, Димаш Құдайберген АҚШ-тағы танымал интернет алаңдардың бірі - Ranker-дегі «The Best Singers of All Time» (Дәуірдің ұлы әншілері) дауыс жинау сайысына қатысқанын бұған дейін хабарлаған болатынбыз. Әнші аталмыш рейтингте әу баста екінші орынға дейін көтерілгенімен, кейін жүздіктен шығып қалған еді.
ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Димашқа аталмыш интернет-сауалнамаға қатысты сұрақ қойылды.
«Сөздің шыны керек, интернеттегі дауыс беру байқауын оқырмандарымнан естіп білдім. Өйткені, мен ол кезде шетелде жүрдім. Қызу талқыға түсіп жатқан не дауыс беру деп қарап едім, ішінде мені Майкл Джексон, Фредди Меркьюри секілді әлемдік жұлдыздармен қатар қойыпты. Бір жағынан, бұл жағдай мені өте ерекше сезімге бөледі. Ондай кісілермен деңгейлес болу үшін әлі көп тер төгіп, аянбай еңбек етуім керек. Осы орайда дауыс беру кезінде қолдаған жерлестеріме, шетелдегі тыңдармандарыма шын жүректен алғыс айтамын. Бірақ, ол ешқандай байқау немесе жоба емес, интернет жүйесіндегі кішігірім сауалнама ғана болатын. Сіздердің маған деген махаббаттарыңыз бен ниеттеріңіз осындайда көрінді. Үміттеріңізді ақтау үшін барымды салып, жанымды салып, талмай, тынбай еңбек ете беремін», - деді Димаш Құдайберген.
Баспасөз мәслихаты барысында «Қазақстан» РТРК АҚ төрағасы Ерлан Қарин Астанада өтетін Димаштың концертіне шетелдік телеарналар қазірдің өзінде қызығушылық танытып отырғанын тілге тиек етті.
Шетелдік телеарналар мен телерадиокорпорациялар әртүрлі сұраулар жолдап жатыр. Астанада өтетін осынау концерт бірнеше шетелдік телеарна арқылы таралады. Сол себепті, аудитория үлкен. Ұйымдастыру жұмысын кең ауқымда жүргізгелі отырмыз. Өз елінде, өз алаңында, мыңдаған фанаттарының алдында өтетін Димаштың концертіне орай қолдауларыңызды сұраймыз», - деді Ерлан Қарин.
Еске сала кетсек, бүгін ОКҚ-да өткен баспасөз мәслихатында Димаш Құдайберген Жастар жылы аясында Астанада концерт беретінін айтқан болатын.