Мамыр және маусым айларында Димаш Құдайбергеннің «Я скучаю по тебе», «О’кей» және «S.O.S» әндері күн сайын Бразилиялық Correio 98 FM радиосының эфирінде ұсынылып келеді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" dimashnews.com сайтына сілтеме жасап.
Бразилияда танымал Correio 98 FM радиосы алғаш рет 1983 жылы эфирге шыққан. Радиостанцияның штаб-пәтері Кампина-Гранди қаласында орналасқан. Дәл осы жерде әлемдегі ең үлкен Сент-Джон фестивалі өтеді. Оған жыл сайын Дүние жүзінен миллионға жуық қонақ жиналады.
Радиожүргізушілер Димашты үлкен вокалдық диапазоны бар әнші ретінде таныстырып, әртістің түрлі музыкалық жанрларда және әлемнің көптеген тілдерінде ән шырқайтынын атап өтті.
Димаштың әндерін Бразилияның ірі радиостанциясында тарату Dimash Qudaibergen FC Brasil фан-клубының Dears жобасының нәтижесі болды. Бұл жобаның мақсаты - қазақстандық орындаушының шығармашылығын өз елінде барынша насихаттау.
Сондай-ақ, осы жоба аясында Бразилияның танымал «Extra» газетінде Димаш пен оның шығармашылығы туралы бірнеше материал жарық көрді. Ең соңғы басылым 2022 жылдың наурыз айында жарық көрді және пандемиядан кейін әртістің сахнаға оралғаны, сондай-ақ Дубай, Дюссельдорф және Прагадағы жаңа концерттерін жариялауға арналды.