Қазақстандық әнші Димаш Құдайберген Ресей астанасында жеке концертін өткізу үшін Мәскеуге ұшып келді. Бұл туралы ҚазАқпарат агенттігі хабарлады.
Әуежайда Димашты әлемнің 56 елінен жиналған жүздеген жанкүйері гүлдермен, плакаттармен қарсы алды. Олар кумиріне сәлем беру үшін Ресей астанасына арнайы келген.
«Димаштың бірегей дауысын 2 жыл бұрын естідім. Содан бері мен тек оның әндерін тыңдаймын», - деп бөлісті Димаштың «Еуразия фан-клубы» өкілі, оның жанкүйері Ростислав.
Қазақстандық әншінің Анна есімді жанкүйері Димаштың даусын естіп, оның концертін тамашалау үшін Бостоннан арнайы ұшып келгенін айтты.
«Маған оның шығармашылығы қатты ұнайды. Енді Қазақстанға баруды армандаймын», - деп атап өтті Анна.
«Мен Димашты қарсы алу үшін және оның концертіне қатысу үшін Одессадан келіп отырмын. Біз үшін Димаш - жаңашылдық. Барлығымыз Димашты жақсы көреміз және оның Украинада концерт өткізгенін қалаймыз», - деді Украинадағы Димаштың фан-клубының өкілі Евгения.
Қазақстандық әншінің жанкүйерлері үшін көптен күткен сәт келді. Димаш жанкүйерлеріне сәлем беру үшін шықты. Жанкүйерлері қол шапалақтап қарсы алып, гүлдерін ұсынды.
Еске салайық, 22 наурызда көктемгі Наурыз мерекесінде Мәскеуде - елдің бас сахнасында - Мемлекеттік Кремль сарайында Димаштың алғашқы жеке концерті өтеді.