15 там, 2019 сағат 13:36

Димашқа ең үздік залды таңдаймыз: Министр әншінің АҚШ-тағы концерті жайлы

Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова әнші Димаш Құдайбергеннің Нью-Йорктегі концертіне дайындық қалай жүргізіліп жатқанын баян етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Димаш Құдайберген – біздің Қазақстанның брендіне айналып келеді. Қазіргі таңда өздеріңіз білетіндей, біздің министрлік жас дарындарды барынша қолдап келеді. Жас дарындар үшін республикалық және халықаралық байқауларды өткіздік. Дарынды балаларды байқауларға, шеберлік сағаттары мен фестивальдерге жіберуге арналған бюджеттік бағдарлама да бар. Өрендеріміз үмітті ақтап, айтулы биіктерді бағындыруда», - деді Ақтоты Райымқұлова Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз мәслихатында.

Министр Димаш Құдайберген өзінің кәсіби биігін бағындыруда төзімділік мен еңбекқорлықтың ең үздік үлгісі екенін атап өтті.

«Әлбетте, ол қазақстандық өнерді ең жетекші әрі әлемдік деңгейде танытып жүрген өте дарынды жігіт. Өздеріңіз білетіндей, Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен Димаштың көнцерті Нұр-Сұлтанда, Лондонда, Мәскеуде өткенін білесіздер. Биыл сондай концертті Нью-Йоркте өткізуді жоспарлап отырмыз. Ол үшін министрлік белсенді түрде келіссөздерді жүргізіп жатыр. Бірнеше зал ұсынылды. Залдардың бірнеше нұсқасын қарастырып, дарынның деңгейіне сай келетін ең үздігін таңдап алғымыз келеді. Сондықтан, жылдың соңында АҚШ-та концертін өткізуді көздеп отырмыз. Қандай зал болатынын біз сіздерге міндетті түрде хабарлаймыз. Билет сатылымы да басталады», - деді министр.

Еске сала кетсек, Димаш Құдайбергеннің АҚШ-та концерті өтетіні бұған дейін хабарланған болатын.

«Мәдениет және спорт министрлігі 2019 жылдың III тоқсанында Нью-Йоркте әлемге әйгілі «Madison Square Garden» алаңында Димаш Құдайбергеннің айрықша шоу-концертін өткізбек. Бүгінгі таңда аталған шоуды ұйымдастыру жұмыстары басталып кетті», - деген еді бұрынғы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы.