25 сәу, 2017 сағат 19:00

Димаш: Менi үлкен сахнаның төрiне шығарып, Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың тағзым

«Қазақстан» орталық концерт залында Қытайда өткен «I am singer» байқауының екінші орын иегері Димаш Құдайбергеннiң құрметiне «Әлем таныған Димаш» мерекелік шарасы өтiп жатыр. Әншi 3,5 мың жанкүйер жиналған шараның шымылдығын «Туған жер» әнiмен ашты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

Мерекелiк кештi құттықтау сөзiмен ашқан ҚР Мәдениет және спорт министрi Арыстанбек Мұхамедиұлы Димашты өсiрiп-жеткiзген атасы мен әжесiне қошемет көрсетiп, иықтарына шапан жапты. Сондай-ақ, Димаш ата-анасы - елiмiздiң танымал музыканттары Қанат пен Светлана Айтбаевтармен бiрге «Асыл анашым» әнiн көпшiлiкке тарту еттi.

Кешке Димаштың ұстаздары келдi. Жас әншiге лебiзiн Айман Мұсақожаева бiлдiрсе, видео арқылы Бибiгүл Төлегенова мен Асанәлi Әшiмов батасын бердi. Өз кезегiнде Димаш өзiн қолдаған азаматтардың барлығына алғысын айтты.

«Әрбiр жетiстiкке жеткен азаматтардың артында жүрегi қазақ деп соғатын ақ жаулықты аналарымыз тұрады. Сол себептен осы уақытқа дейiн қаншама байқауларда жеңiске жетуге тiкелей үлкен септiгiн тигiзiп жүрген ұстаздарымыз аман болсын... Менi үлкен сахнаның төрiне шығарып, Димаш Құдайберген еткен қазақ халқына мың тағзым!», - деген Димашқа халық зор қошемет бiлдiрдi.

Сондай-ақ, Димаш Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевқа ерекше алғысын айтты.

«Бiздiң қазiргi таңда емiн-еркiн, қалаған халықаралық байқауда бой көрсетуге ықпал етiп, жағдай жасаған, шет мемлекетке шыққанда басымызды тiк көтерiп, Қазақстан деген елденмiн деп мақтанып айтуға үлкен септiгiн тигiзген, заманауи Қазақстанның негiзiн қалаған Елбасы Нұрсұлтан Әбiшұлы Назарбаевқа үлкен алғыс айтамын», - дедi Димаш.

Атап өтсек, бүгін Димаш Құдайберген Астанаға ұшып келді. Әншіні әуежайда туған-туыстары, дос-жарандары, жанкүйерлері қарсы алды. Оны қарсы алушылар қатарында Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да болды.

Естеріңізге сала кетсек, бүкiл әлемдi ерекше дауысымен тәнтi еткен Қазақстанның жас әншiсi Димаш Құдайберген Қытайда өтiп жатқан «I am singer» байқауында екiншi орын алды. Димаш финалда қытайлық әншi Шаң Венжемен бірге Майкл Джексонның «The Way You Make Me Feel», «Erth song» және «Billie Jean» әндерін шырқаған болатын. Отандасымыздың өнерi кезектi рет көрермен көңiлiнен шығып, халықтың қошеметiне ие болды. Байқаудың шешуші бәсекесiн Қытайлық Hunan TV және Хабар телеарнасы көрсетті.

Димаш байқаудың он кезеңнен тұратын іріктеу бәсекелерін аяқтап, жалпы есепте бірінші болып финалға өткен болатын. Жас әнші конкурста «SOS», «Adagio», «Confessa», «5-элементтегі» ария, «Таң сәрi», «Дайдидау» мен «Ұмытылмас күн» сынды әндердi шырқап, ақтық бәсекеге сүрінбей жеткен едi.

Сонымен қатар, Димаш Құдайберген China Top music Awards шарасында «Азияның ең танымал әншісі» атағын алған болатын. 2001 жылдан бері жыл сайын дәстүрлі түрде берiлiп келген Top Chinese Music Awards Қытайдағы Грэмми марапаты ретінде танылған.

Суреттер: Бауыржан Жуасбаев

Қымбат ЕЛТАЙҚЫЗЫ