Димаш Құдайбергеннің Ақтөбеге келген фанаты Ребекка музыкалық колледж сахнасында «Махабат бер маған» әнін орындады. Әншінің ұстазы Марат Әйтімов фанаттың табиғи талантына таңқалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Әнші Димаш Құдайбергеннің «Арнау» концертіне келген бір топ фанат Нұр-Сұлтан, Алматы, Ақтөбе турмаршрутын таңдаған. Олар бұл үш қаланы аралауға 4 мың АҚШ долларын жұмсады. Ақтөбеге келген фанаттар арасында АҚШ, Гавай аралы, Мазайзия, Ұлыбритания мен Франция секілді Еуропаның бірнеше қаласының тұрғыны бар. Олар әдеттегідей мешіт, шіркеу, музейге барып, әнші оқыған мектепте, музыкалық колледжде болды. Фанаттар үшін әншінің ұстазы Марат Әйтімовпен сұхбат қызықты өтті. Әрі сахнада ән айтуға мүмкіндік беріліп, вокалдық қабілеттері туралы білді. Бәрінен Гавай аралынан келген Ребекканың дауысы көпті таңқалдырды. Ол «Махаббат бер маған» әнін музыкалық сүйемелдеусіз орындап шықты.
«Ребеккада табиғи талант бар. Тыныс алуы жақсы, яғни, адам спортпен шұғылданады. Спортпен шұғылданатын адам жоғары ноталарды алмаса да қиналмай жақсы ән айта алады. Музыканы ести алады, құбылтады. Ән таза шықты. Сахнада сәл қобалжығаны байқалады», - деді әншінің ұстазы Марат Әйтімов. Ал фанат Ребекка тағы Ақтөбеге келсе Марат Әйтімовтен сабақ алатын болды.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, 25-маусымда бір топ фанат Ақтөбеге келіп, қаланың көрікті жерлерін аралаған болатын.
Фанаттар үшін Димаш Құдайбергеннің балалық шағы, студенттік кезі қызықты. Олар Марат Әйтімовтен есте қалар оқиғалар туралы айтып беруін сұрады.
«Димаш музыкалық колледжге келгенде 15 жаста болды. Дауысы өңделмеген, қарапайым еді. Қазіргі дауысы оқумен, еңбекпен келді. Ол төрт жыл бойы тынбай дауысымен жұмыс істеді, жаттығулар жасады. Бастысы - талант. Ән айтатын, дауысы бар адамдар көп. Ал Димашта табиғи талант та, ақыл да бар. Бәрі тоғысқанда алапат күшке айналды. Фальцетті музыкалық колледжде көп қолданбаймыз. Димаш үшінші курстан бастап әуестенді. Алғашқы кезде тыйым салдым. Көбіне мен колледжде болмаған кезде бар дауысымен, фальцетпен ән айтады. Дауысы барлық жерге естіледі. Менің кіргенімді білген кезде көзіме түспеу үшін қашып жүреді. Өзіне «жұдырық» тиетінін біледі», - деді Марат Әйтімов.