«Kazakh Tourism» ұлттық компаниясы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев әнші Димаш Құдайбергеннің жетістігі Қазақстанның туризмін қалай көтеріп жатқанын айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«Димаш Құдайберген қазірдің өзінде Қазақстан туризмінің елшісіне айналды. Өткен жылы елімізде өте сәтті «Димаш-тур» шарасы өткізілген еді. Біз әлемдегі Димаштың ең белсенді фан-клубтарының өкілдерін шақырдық. Тур шартты түрде - «Димаш тур» және «ААА» деп аталды. ААА дегеніміз - Ақтөбе, Астана және Алматы. Бұл шара өте ауқымды қызығушылық тудырды. Құдайға шүкір, Димаш шыңға шығып келеді. Оның сағат сайын әлемде абыройы артып келе жатқаны қуантады. Димашқа ғашық адамдар көп. Яғни, Димаш өзіне ғана емес, өзінің Отаны Қазақстанға деген құрметті туғызады», - деді «Спутник Қазақстан» баспасөз орталығында өткен брифинг барысында «Қазақ туризм» Ұлттық компаниясы төрағасының орынбасары Тимур Дүйсенғалиев.
Айта кетейік, брифингте Нұр-Сұлтанда «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының финалы өтетіні де хабарланған болатын.
Байқау 2 мамырда елордадағы Номад-холда өткізілмек. Биылғы «Қазақстан аруы» ұлттық байқауының арнайы жобасы бойынша ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен танымдық роликтер жиынтығы жасалады. Бұл көркем, қысқа фильмдерде өңірлік турдың жеңімпаздары өз өңірінің туристік мүмкіндіктерін көрсетеді. Мысалы, «Өскемен аруы» бірегей Рахман қайнары туралы, «Ақтөбе аруы» «Үйтас» табиғи ескерткіші жайлы, «Шымкент аруы» «Ақ мешіт» үңгірі туралы әңгімелеп береді.
Қыздар өзінің туған өңірлерінің көрнекті жерлерін бар мейіріммен әрі мақтанышпен таныстырады, ерекше табиғи және археологиялық нысандарды өз көздерімен көріп, тамашалау үшін саяхатшыларды өздерінің туған өңірлеріне шақырады.
«Қазақстан аруы - 2019» ұлттық байқауы - имидждік шаралардың бірі болғалы тұр. «Қазақ туризм» - ұлттық бренд-менеджер ретінде елімізде өтіп жатқан ауқымды шараларды үйлестіріп, туризмге пайдалы болуын ойластырады. Мәселен, елордада жыл сайын өткізілетін Астана экономикалық форумы, әлбетте, аясы мен келетін ықпалды адамдары тұрғысынан өте ауқымды шара. Ол ықпалды адамдардың сөздері әлемнің үздік ондаған телеарналарында беріледі. Бірақ, өкінішке орай, АЭФ-те жаһандық мәселелер көтерілгенімен, Қазақстанды туристік тұрғыда жарнамалау жоқ. Біз ендігі кезекте әрбір осындай шараны қайта форматтап, өз контентімізді көрсетіп, Қазақстанның көрікті жерлерін бір көрсетіп қалуға тырысатын боламыз», - деді Тимур Дүйсенғалиев.
Жаңа формат аясында «Дүниежүзі аруы» және «Әлем аруы» сияқты ірі әлемдік байқауларға арналған таныстырылым роликтері түсіріледі. Бұл ретте роликтер Ұлы даланың киелі жерлеріне, Қазақстан Республикасының бірегей географиялық және табиғи ландшафттарына арналмақ. Ұлттық компания осы халықаралық жобалардағы медиа алаңдардың жоғары рейтингісі арқылы ықтимал туристердің барынша ауқымды аудиториясын тартуды көздейді.