27 шіл, 2021 сағат 13:12

"Диктаторға өлім!". Иранда наразылық ауқымы кеңейді


Тегеранда су тапшылығы мен экономикалық жағдайдың нашарлауына наразы азаматтар көшеге шығып, "Диктаторға өлім!" деп айқайлап, мемлекет басындағы діндар саясаткерлерге наразылық білдірді.

Азаттықтың Иран қызметі – Фарда радиосы әлеуметтік желіде жарияланған видеолар мен жазбаларға сілтеме жасай отырып, наразылықтың 26 шілде таңертең Тегеран орталығындағы Джомхури Ислами даңғылында болғанын хабарлады, деп жазады Азаттық радиосы.

Демонстранттар Хузестан мен Иранның өзге де қалаларында 15 шілдеден бері жалғасып жатқан су тапшылығына қарсы наразылыққа шыққандарға қолдау білдірген.

Тегераннан түсірілген видеолардың бірінде наразылар мемлекетті басқарып отырған консерватистік исламшыл саясаткерлерді сынап, "зеңбіректер, танкілер, түтін құтылар, молдалар кетуі тиіс!" деп айқайлайды. Тағы бір видеода жастар "Хаменеиге масқара!", "Кетсін!" деп айқайлайды. Бұл тұста жастар Иранның рухани көсемі аятолла Әли Хаменеиді меңзеп отыр.

Иранда соңғы 50 жылда болмаған қуаңшылық мәселесін суды тиімсіз басқару саясаты онан сайын ушықтырып жіберген. Бұған дейін су электр станциялары істен шығып, Иранның бірқатар аумақтары жарықсыз қалған.

15 шілдеден бері кемінде бес демонстрант полиция қолынан қаза болған.