05 ақп, 2021 сағат 20:04

Digital Almaty 2021: Өткен жылы қазақстандық сервистерге DDoS-шабуылдар 44% артқан

2020 жылы Өткен жылы қазақстандық сервистерге DDoS-шабуылдар саны 44% артқан. Бұл туралы Алматыда өткен «Digital Almaty 2021 - Цифрлық қайта жүктеу: жаңа болмысқа серпіліс» халықаралық форумында мәлім болды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ баспасөз қызметі таратқан мәліметтерге қарағанда, эпидемиологиялық жағдайға байланысты онлайн форматта өткен іс-шарада ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Дүниежүзілік Экономикалық форумның президенті Берге Бренде, Google вице-президенті Винт Серф құттықтау сөз сөйледі. 

Форум шеңберінде «Пандемия кезеңіндегі ақпараттық қауіпсіздікке сын–қатерлер» панельдік сессиясы ұйымдастырылды. Онда «Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ Ақпараттық қауіпсіздіктің ұлттық үйлестіру орталығы (АҚҰҮО) директорының орынбасары Александр Косенков «2020 – Қазнеттегі АҚ: Цифрлар мен фактілер» тақырыбымен спикер болып сөз сөйледі. Сондай-ақ, ол форумға қатысушыларға бірнеше өзекті кейстерді таныстырды. 

«Мемлекеттік техникалық қызмет» АҚ өкілінің деректерінше, өткен жылы Қазақстанда ақпараттық қауіпсіздіктің 24 053 инциденті тіркелді және пысықталды. Сондай-ақ фишингтік интернет-ресурстар саны 58%, қазақстандық сервистерге қатысты DDoS-шабуылдар 44% артты. 

«Бұл ретте көбінесе мемлекеттік және квазимемлекеттік сектордың, сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық инфрақұрылымның аса маңызды объектілерінің (АКИАМО) осалдықтарын пайдалануға 1 674 әрекет жасалды», - дейді Александр Косенков.

Естеріңізге сала кетейік, «Digital Almaty» осымен төртінші жыл қатарынан өткізіліп келеді және форумның негізгі мақсаты цифрлық трансформацияның жаңа стратегиялары мен жаңа технологиялар саласындағы трендтерді талқылау мақсатында өңірлік және жаһандық деңгейде диалог жүргізу.