05 ақп, 2021 сағат 11:45

Digital Almaty 2021: Денсаулық саласында қолданылатын 2 жоба таныстырылды

«Алматы әкімдігі «Digital Almaty 2021» форумында жасанды интеллект қолданылатын денсаулық сақтау саласындағы екі жобаны таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Digital Almaty-2021» халықаралық форумының күн тәртібінде пандемия кезінде пайда болған жаңа сын-тегеуріндер мен цифрлық бастамалар талқыланды. 

Алматы қаласының цифрландыру басқармасы 2020 жылы коронавирус инфекциясына қарсы әрекет ету үшін 15 жобаны іске асырған болатын, оның екеуі бүгінгі форумда таныстырылды.

Ұсынылған жобалар онокологиялық аурулар мен ишемиялық инсультты алдын ала диагностикалау секілді күрделі бағыттардағы тар шеңберлі дәрігер мамандарының тәжірибелік қызметінде жасанды интеллекттің қолданысын көздейді.

«Ғorus Data» компаниясы PACS – радиологиялық түсірілімдердің орталықтандырылған медициналық архивін жасауға бағытталған. Алматы – осы бастаманы бірінші болып қолдаған өңір, қазіргі таңда осы жүйемен Қазақстанның бірнеше қаласы, атап айтқанда Нұр-Сұлтан, Талдықорған, Тараз, Көкшетау, Өскемен, Атырау, Павлодардың 64 ауруханасы жұмыс істейді. Қондырылған жасанды интеллекттің арқасында дәрігер шұғыл қорытынды шығарады.

Жасанды интеллекттің көмегімен күрделі ауытқулар анықталған түсірілімдерге автоматты түрде жоғары қызыл белгі қойылады. Келесі кезек ауытқулары аз және ауытқулары жоқ түсірілімдерге беріледі.

Жасанды интеллект арқылы өңделген түсірілімді салыстыру үшін тікелей түпнұсқа суретімен бірге сақталады. Анықталған ауытқулар бойынша карта жасалады. Сервис өкпе ауруларының, оның ішінде пневмония, туберкулез, ісінудің (онкология) ең жиі кездесетін 14 белгісін анықтауға қабілетті. Нәтижесі автоматты түрде дәрігердің қатысуынсыз өңделіп, сақталады.

Жасанды интеллект көмегімен пациентке сол түсірілім жасалған күні диагностика жасауға мүмкіндік береді. Бұған дейін нәтижиені пациенттер 3-тен 14 күнге дейін күтетін. Қазір PACS 84% диагностика жасау дәлдігімен күніне 300-ге жуық рентген түсірілімдерін өңдейді.

«Алматы жасанды интеллект зертханасы» ишемиялық инсультті ерте анықтау үшін CEREBRA жобасында жасанды интеллектті пайдаланады.

Инсультті медикаментозды емдеудің терапевттік уақыты 4,5 сағатты құрайды, осы уақыт аралығында диагнозды дұрыс қойып, емдеу түрін таңдау қажет. Терапевттік талдау уақыты шеңберінде бас миының зақымдану дәрежесін анықтап үлгеру мүмкін болса, дер кезінде емді бастайды. Көбінесе инсульттің даму сатысын анықтау үшін копьютерлік томография түсірілімдеріндегі сұрғылт тоннан адам көзінің ерекшелігіне байланысты ондағы айырмашылықты анықтау мүмкін болмайды, ал жасанды интеллект оны 10 минутта жасай алады.

Ишемиялық инсультті анықтау үшін жасанды интеллекттің алгоритмі ең күрделі болып есептелетінін атап өткен жөн, өйткені анықтаудың жоғары дәрежесіне жеткендер әлемде көп емес.

Алматы қаласының №7-ші қалалық клиникалық ауруханасының бас дәрігері Манас Рамазанов айтуынша, маманның онкологияның немесе ишемиялық инсульттің бастапқы сатысын анықтауға жеткілікті сараптамалық қабілеті немесе тәжірибесі жетпеуі мүмкін.

«Ал цифрлық технология бірден дұрыс диагноз қойып, пациентті мамандандырылған медициналық мекемеге шұғыл жіберуге көмектеседі. Сондықтан Қазақстан бойынша жасанды интеллектті қолданатын жобалардың ауқымын кеңейту өте маңызды», - деді дәрігер.