08 ақп, 2023 сағат 18:15

Дидар Смағұлов: Партияға сын айтқан қарсыластардың оған мүше болуы – үлкен көрсеткіш


19 наурызда елімізде партиялық тізімдер бойынша, бірмандаттық аумақтық сайлау округтері бойынша Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіне және мәслихат депутаттығына кандидаттардың сайлауы өтеді. Онда 12 млн-ға жуық азамат дауыс беріп, өз таңдауын жасай алады. 

Осы орайда, танымал ақын, ел аузында жүрген «Көк тудың желбірегені» әнінің сөзін жазған Алмас Ахметбекұлы мен «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің басшысы, жемқорлықпен күресіп жүрген азамат Дидар Смағұлов белгілі журналист, тележүргізуші Нұрсұлтан Құрманның Youtube арнасында бұл саяси додаға қатысты және келбеті өзгерген «AMANAT» партиясы мен оның съезіне қатысты өз пікірлерін бөлісті.

Алмас Ахметбекұлының сөзінше, осыдан біраз жыл бұрын «Отан» партиясының мүшесі боп, оның бірқатар жұмысына араласып үлгерген. 

"Бірақ сол 2005-тен кейін партияның аты да өзгерді, заты да өзгерді. Бұрын болғанбыз. Кейін арада үзіліс болды. Дегенмен таяу күндері алыстан келген ағайынның, Тәуелсіздікпен бірге Отанға оралған ағайынның өкілі ретінде, соның белгілі бір деңгейдегі лидері ретінде мені өздері шақырды. Әңгімелесті. Партияға көзқарасымды, жалпы, Қазақстанда болған өзгерістерге қатысты таным-түсінігімді, сенімімді әңгіме еттік. Мен әсіресе соңғы бір жыл ішіндегі өзгерістердің сондай жылдам кетіп бара жатқанын, кез келген мемлекетшіл азамат мемлекеттегі ең күшті саяси құрылыммен қызмет істеуге ынталы болатынын айттым. Бұл жөнінде өзімнің ораторлығым бар, журналистігім бар және екі мемлекеттің саяси реформалары мен өзгерістерін көрген тәжірибем бар.   

Мен Қытайда туып өстім. Менің туып өскен заманымда Қытайда да сұмдық тоқырау болған. Біз 78-жылы мектеп бітіргенбіз. Содан кейін Дэн Сяопин деген кісі билікке келіп, бүкіл Қытайда үлкен реформа жасаған. Университетке түскен шағымыз, біз сол кісінің реформаны қалай жасағанын, саясатты қалай өзгерткенін, санасы құл боп кеткен Қытай халқының идеясын қалай дамытқанын, «социализм» деп қатып қалған санасын қалай «қытайша» деп атап, мынау нарықтық экономикаға қалай әкелгенін, мемлекеттік саясатты қалай бұру керек екенін көріп-біліп отырдық. Сол тәжірибемізді қолданамыз деп Қазақстанға келгенбіз. Сәті келгені болды, келмегені болды...

Елге Тәуелсіздіктің он төртінші айында келдім. Сол кезде сахнадан сөйледім. Осыдан тура 30 жыл бұрын ақпан айының 22-сі күні келдім. Сол күні осы «Көк тудың желбірегені» деген өлең жазылған. Біз Тәуелсіз мемлекеттің шетіне ілінгенде, патриоттық сезіміміз теңдессіз еді. Біз өзіміздің балаларымыздың, жетпіс жеті ұрпағымыздың болашағы мен бақытты ғұмыры Қазақстанның тәуелсіздігі мен мемлекеттілігінде деп келдік" - деді ақын.

Кейін ол Қазақстандағы қандастардың басын қосатын ұйым туралы сөз қозғады.

"Ондай ұйымдар болды. Сөз келгенде айта кетейін, 97 жылы 22 қаңтарда біз ұйымдасқанбыз. Ондағы мақсатымыз - Қазақстанға көші-қон заңын дайындау. Сол топтың басшысы болдым. Сөйтсек, біз сияқты қоғамдық ұйым заң дайындамайды екен. Кейін Әкім Ысқаққа келдік. Жанында жұмыс істеп, сол кісінің авторлығымен Үкімет дайындаған заңға баламалы, қазақ тіліндегі алғашқы ұлттық заң қабылданғанда басы-қасында болдым" - деді қаламгер.

Ал Дидар Смағұлов осы кезге дейін еліміздегі сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатпен келіспегенін ашық айтты.

"Еңбек жолымды 2014-те сыбайлас жемқорлыққа қарсы бағытта бастадым. Елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы жаңа агенттік құрылған болатын. Сол кезде мен Қарағандыда қатардағы қызметкер ретінде жұмыс атқардым. 2017 жылы Астанаға көшіп, агенттіктің Орталық аппаратына ауыстым. Ол жерде департамент басшысының орынбасарына дейін өстім. Кейін мемлекеттік қызметтен кеткенмін. Кеткен себебім - жалпы елімізде болып жатқан сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатпен келіспедім. Менің өз ойым болды. Сондықтан мен бұл жұмыстан шықтым. Ал, 2020 жылдың 20-шы қарашасында біз әділет мекемесінде үкіметтік емес ұйым - «Әділдік жолы» Республикалық қоғамдық бірлестігін тіркедік. Сол жылдың қараша айынан жұмыс басталды. Ал атқарушы директор лауазымына 2021 жылдың мамыр айында келдім. Қазіргі таңда еліміздің жиырма облысында өкілдеріміз бар. Нақты жұмыспен айналысып жүрміз. Бірінші мақсат - Президенттің сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясатын нақты істермен жүзеге асыру" - деді ол.

Смағұлов өз сөзінде партияға жақында кіргенін және бұған дейін ешбір партияға мүше болмағанын атап өтті.

"Осы кезге дейін мемлекеттік қызметте болсам да, әртүрлі жоғары лауазымда болсам да, ешқашан партияда болмадым. Бұрын да ұсыныстар болған. Мысалы, «Нұр Отанға» кіріңіз деген. Дегенмен өз ойым мен жеке пікірім болған соң, кірмедім. Ал қазір - «AMANAT». Біріншіден, атауы өзгерді, ребрендинг өтті. Ол да бір әсерін тигізді. Екінші мәселе - партия басшылығы «біз өзгереміз» деп айтты. «Жәй ғана ұрандар емес, нақты өзгерістер мен істерге дайынбыз» деді. Осылайша, маған ұсыныс түсті. Мен өзім алдын-ала әлеуметтік желілерде жазба жариялаған ем. «Қазір бізде осындай тобымыз бар, әр облыста өкілдеріміз бар және біз сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимылды жалғастыруға дайынбыз. Бірақ кіммен бірге екенін әлі шешкен жоқпыз. Осы жұмысты алуға қайсысы дайын, тәуелсіз жұмысымызды жалғастыруға мүмкіндік беретін партиямен бірге жұмыс жасаймыз» деп. Сондай-ақ бізде бір-екі партиямен талқылау болды және мен - ұйымның басшысы ретінде «AMANAT»-тың ұсынысына тоқтадым" - деді подкаст қонағы.

Ақын Алмас Ахметбекұлы ел қандай жағдайда біртұтас мемлекет болатынын айтты.

"Біз өзі алыстан келген ағайындардың құқықтары мен мүдделерін қорғауда біраз жұмыс істедік. Келген беттен бастап. Қаламгер ретінде, позициясы бар тұлға ретінде. Ал мұндай қоғамдық орындардан біразы бар. Азаматтар кейде бірігіп, кейде бөлініп жұмыс істеп жатады. Мұны "қарадай қасқыр соғу" дейді. Міне, "қарадай қасқыр соғып жүрген" кісінің қолына мандат, астына ат берсе, ол біраз жұмыс бітіруі мүмкін. Бұл партияға келгендегі мақсатым - құрылтайдағы сөзімде айттым, қазақтың тәуелсіз топырағына, оның мемлекеттігіне, мемлекеттің амандығы мен оның гүлденуіне ұрпағының, болашығының, өзінің өмірімен тәуелді, соған мүдделі адамдар топтасуы керек. Сонда ғана ол біртұтас мемлекет болады. Ал ондай мүдделі адамдардың кемінде миллионы сыртта жүр. Біз соларды оралтуымыз керек, өзіміздің ұлтты құрамымызды байытуымыз керек. Оның рухани дүниесін көтеруіміз қажет. Әйтпесе, рухани дүниеміз тас-талқан болды. Сондықтан соның бәрін біріктіру үшін алыстағы ағайынның топтаса түсуі маңызды" - деді спикер.

Ал, Дидар Смағұловтың сөзінше, мемлекетке жаңа заңдар мен жаңа ережелер қажет.

"Біздің негізгі бағытымыз - сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл. Оның не екенін, себептері қандай, салдары қандай екендігін жақсы білеміз. Сондықтан тек қана салдармен күресу емес, оны жариялау және болдырмау үшін тиісті заңнамаларды өзгерту немесе жаңа заңнамаларды қабылдау. Өйткені егер бізде құқықтық негіздеме болмаса, сыбайлас жемқорлыққа қарсы тиімді, нәтижелі жұмыс ұйымдастыру мүмкін емес. Бізге жаңа заңдар, жаңа ережелер керек және біз оны Парламент шеңберінде көтеруге дайынбыз" - деді ол. 

Кейін Алмас Ахметбекұлы партия съезіне және оның форматына қатысты тоқталды.

"Съезден жаңа адамдарды көп көрдік. Сосын оның форматы мықты болды. Мәселен мен 7-8 адамның құрамында сөз сөйледім. Дұрыстап, ащырақ айтуым керек дедім. Ақсақалмын ғой. Бала емеспін. Сондықтан маған айтуға еркінірек формат беріңдер деп ем, «жазыңыз», «айтыңыз» деген сөз болды. Байқадыңдар, біраз әңгіме айттық. Басқа адамдар да айтып жатыр. Бұл жолғы съезде жұрттың сөзіне еркіндік беру, мінезге еркіндік беру, жалпы мемлекетшіл идеяға, мемлекетке жаны ашитын идеяға еркіндік беру байқалады. Содан кейін ескі құрамдағы азаматтардың өте белсінділері ғана, өте аз құрамда жиналған. Ал қалған құрам - қоғамның әр тарапынан, жастары бар, үлкендері бар, нәзік жандылары бар, мүмкіндігі шектеулілері бар, неше түрлі азаматтар шығып жатыр. Осының барлығы қоғамды тұтас қамтыған құрылтай болды. Форматы да өзге, бәрі галстук тағып, қылғынып барған жоқ. Еркін форматта, қоғам қандай, сол қоғамның өзінің көшірмесі сияқты өтті" - деді ол. 

Сондай-ақ, ақын сөз сөйлердің алдында редактура болмағанын айтты.

"Маған басында үш минут қана сөйлейсің деген. Мен үш минутта ең ащы, ең түйінді мәселелерді айтуым керек болғам. «Сіз енді айта алатын болсаңыз, тағы да айтсаңызшы» деген соң алты минуттық сөз кетті. Бір парақ емес, үш парақ сөз кетті. Қосты. Ой берді. Жазуын өзім жазам ғой. «Сіз мына салада айта алмайсыз ба, басқа салада айта алмайсыз» ба деген ой қосты. Бірақ ол өткір-өткір мәселелер болды. Оның сыртында ойыма салған тағы бір нәрсесі: «Сіз енді елге оралған қазақсыз ғой, елге оралудың отанға болған, жалпы халыққа болған сезімін, сипатын көрсете кетіңіз» деді. Басындағы өлең, аяғындағы өлең, бірақ сосын ол өлеңді қысқарттым. Самореклама дейді ғой, өзімді жарнамалап бара жатқан сияқтымын. Сосын бірнеше шумақты алып, қысқартыңқырап, аяқтауға тура келді" - деді Ахметбекұлы.

Дидар Смағұлов та бұл сөзді қостап, съездің жаңа форматта өткеніне тоқталды.

"Ең бірінші мәселе - партиядан ұсынылған кандидаттардың 75%-ы жаңартылды. Бұл - өте маңызды сан, яғни 4/3 бөлігі - бұрын болмаған, жаңа һәм абыройлы адамдар. Менің ойымша, жаңартылған жүйеде болу - жақсы серпіліс. 

Расында, бізде жағымпаздық деген болған. Қазір әлеуметтік желілерде бұрынғы форумдардың видеолары жүр. Ол жеткілікті. Ал маған ұнағаны - бұл жолы Президент деген сөз екі-үш рет қана айтылды. Мысалы 7-8 спикер болса, олардың бір-екеуі ғана "Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев" деп сөз қозғады. Мен Президентке қарсы емеспін, бірақ бұрынғыдай жағымпаздық әрекеттерінің болмағаны рас. Бұл - бірінші мәселе.

Екінші мәселе - съезд ашық, TEDx форматында өтті және Youtube-та ашық трансляция болды. Форумнан шыққаннан кейін әлеуметтік желіде маған кейбір достарым "құттықтаймын, көрдік, сен тізімде екенсің" деді. Ал мен жиын туралы ешкімге айтпағанмын. Демек, қаралым болған және бұл - өте үлкен көрсеткіш. Жалпы, бұрын да мен «AMANAT» ұйымдастырған әртүрлі алаңдарға қатысқанмын. Мысалы, сыбайлас жемқорлыққа қарсы қоғамдық кеңес бар. Сол жерге барғанда да ойладым, "қазір маған тізімді береді, мынаны айт, мынаны айтпа, осы кісіге тиіс, бұл кісіге тиіспе" деп талап қояды деген күмәнім болды. Бірақ толық айта аламын, ешқандай нақты ұсыныстар болған жоқ. Ашық жұмыс жасаймыз. Бұл да - үлкен көрсеткіш. Сол үшін мен партия қатарына кірдім" - дейді ол.

Ақын Алмас Ахметбекұлы съезде партия мүшелері қатарынан өзі танитын адамдарды көріп, көңілі толғанын да атап өтті.

"Мәселен, Күнсұлу Зәкария жүр. Мен бір өте мойындайтын, құрметтейтін қазақтың қызы. Пандемия кезінде әлемдегі бес ел ғана вакцина жасаған. Солардың арасында Қазақстанның вакцинасын жасаған жан. Осы сияқты азаматтарды көрдім" - деді ол. 

Ал Дидар Смағұлов бұрынғы Оқу-ағарту министрі Асхат Аймағамбетов сынды тұлғалармен бір қатарда болу - мәртебе екенін айтты.

"Мен нақты іскер азамат деп Асхат Аймағамбетовты айтар едім. Бұл - пиар емес, бұрынғы басшым болғандықтан емес, бұл - халықтың да сөзі. Ол өз сөзінде нақты қандай жетістіктерге жеткенін айтты. Екінің бірі "осындай нақты реформалар арқылы жақсы жетістіктерге жеттім" деп айта алмайды. Бұл адамдармен бір қатарда болу - ол да бір мәртебе" - деді подкаст қонағы.

Кейін спикерлер партия қатарына қосылған Ринат Зайытовқа қатысты ойын білдірді.

"Партия бағытын өзгертіп, жаңа қадамдар жасап жатыр. Бұл да - партияның жаңа қадамы. "Кім халыққа пайдалы сөз айта алады, соған мінбер берейін. Айт, міне. Қолыңнан не келеді? Жұрт саған сенсе, істеп көр..." деген. 

Мәжіліске партиялық тізімдер бойынша сайланатыны 98 адамдық құрам ғой. Осы 98 адамдық құрамда ең қуатты партия ол - «AMANAT». Негізгі құрамды ұстауға тиіс. Сонда «AMANAT» - халықтың барлық тобының өкілі, яғни әртүрлі пікір өкілдері топтасқан партия болайын деп тұр бұл жолы. Міне, оппоненттердің өзі партия құрамында болып, қоғамға керек мәселелерді қайтадан көтерсе, бұл да - үлкен жетстік. Партияның жаңа бетбұрыстары деп осыны айтуға болады. Сондай-ақ мен Алматыдағы оппозиция өкілдерінің де тіркеуден өтіп жатқанын көрдім. Мәселен, Рысбек Сәрсенбай, Ермұрат Бапилар өтініштерін тапсырып жатыр екен. Мысалы, Алматыдағы бір ауданда 40 адам тіркеліпті. мажоритарлық жүйе бойынша сайланатын 29 адамның орнына. Бұл деген - мыңдаған адам тіркеліп, мыңдаған белсенді қоғамға өзінің пікірін айтады деген сөз. Бұл саяси реформаның алғашқы қадамдары деп ойлаймын. Мұндай саяси өзгеріс болмаса, үлкен партиялардың құрамы, қоғамға деген, адамдарға деген түсінігі өзгермесе, онда саяси реформа жүзеге аспай, мемлекетке қажетті заңдар мен мүмкіндіктер жасау қолдан келмей қалады" - деді Алмас Ахметбекұлы.

Смағұловтың сөзінше де, осындай еркін ойлы азаматтардың кіруі - бұл да бір көрсеткіш. Партия оларға нақты алаң беріп, пікір білдіруіне мүмкіндік жасап отыр. 

"Маған да мүмкіндік берілді. Енді нәтижені нақты істермен көрсету қажет. Сондықтан кезінде партияға қатысты сын айтқан азаматтардың оған мүше болуы - үлкен көрсеткіш. Өйткені жүйені ішінен де өзгертуге болады және осындай кісілерге сөз сөйлеуге мүмкіндік берілуі - жаңа, жақсы көрініс. Бірақ Ринат ағамызға келсек, менің ойымша, ең басты мәселе - Ринат ағамыздың пікірінің өзгермеуі. Нақты ұстанымдары бар, сол ұстанымдарымен әрі қарай жүре алса, азаматтың бір көрсеткіші деуге болады" - деп түйіндеді ол.

видео: Nursultan Qurman Youtube арнасы