Биыл ҰБТ-дан кейін барлық аудиториялардан жазылған видеолар тексеріледі. Бұл туралы Ұлттық тестілеу орталығының директоры Дидар Смағұлов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл Ұлттық бірыңғай тестілеуді өткізудің жаңашылдықтарына тоқталсақ, бақылау шаралары күшейтілді. Егер ғимаратқа кіргізу барысында тыйым салынған заттар, яғни смартфондар, жазба қағаздары және басқа да құралдар табылса, онда тестіленуші емтиханға жіберілмейді. Кез келген адам ҰБТ-ның өтуі барысын көре алады. Көрсетілім сілтемесі ҰБТ жақындағанда жарияланады», - деді Д. Смағұлов Орталық комуникациялар қызметінде.
Оның сөзіне қарағанда, әр аудиторияда бейнебақылау орнатылады.
«Барлық бейнежазбаларға 25 тамызға дейін талдау жүргізіледі. ҰБТ өткізу қағидаларының бұзылуы анықталған жағдайда, яғни көшіру немесе басқа да әрекеттер байқалса, тестілеу нәтижелері жойылады. Сонымен қатар, білім беру грантын тағайындау конкурсының нәтижелері де жойылуы мүмкін», - деп түсіндірді орталық басшысы.
Оның айтуынша, ҰБТ өткізу барысында бақылауды қамтамасыз ететін өкілдермен үшжақты келісімдер жасалады. Бақылау тек тестіленушілерге ғана емес, сондай-ақ бақылаушыларға да жүргізіледі.
«Әр адам ҰБТ өту барысын бақылай алады және ереже бұзу анықталса, дереу Ұлттық тестілеу орталығына хабарласуға болады», - деді Дидар Смағұлов.