Ашпын. Қоғамға таспын. Әлім құрып, аштықтан аяғымды тәй– тәй басып, ирелеңдеп жүріп, өміріме риза болғандай, өтірік күліп, мәжіліс депутаттары отыратын ғимаратқа кіре бергенімде, кезекші полиция тоқтатты.
–Азамат, неғып жүрсіз? –деп сұрады ол.
–Жәй әшейін...
–Шыныңызды айтыңыз, болмаса, үйіңізге қайтыңыз!
–Шыңғырып, шынымды айтсам, жұмыс іздеп жүрмін...
–Бұл жерден жұмыс іздемейді. Дегенмен, айта қойыңыз, қандай жұмыс іздеп жүр едіңіз?
–Депутат болғым келіп...
Ол менің киіміме күле қарады да:
–Бір орын бос дейді. Бірақ сізді қабылдай қояр ма екен? –деді.
–Депутаттардың айлығы миллион теңгеге дейін өсіп жатыр дейді. Қызығып кеткенім...
Оның маған жаны ашыды ғой деймін, бір бөлімге жетектеп апарды.
–Депутат болғыңыз келеді ме? –деп сұрады ондағы кісі.
–Болғанда қандай... Ашпын... Балаларым нан сұрап жылағанда, мазам қашады. Әйелім мүгедек...
–Айлығы көп. Ақша санай аласыз ба?
–Санағанда қандай!
–Бізде тасадағы топастар көп. Солардың бірі болып қалмайсыз ба?
–Топастар?
–Енді... Елеусіз депутаттарды айтамын. Әшейін, келіп–кетіп жүр. Барынан жоғы жақсы. Үндеместер... Солардың бірінің орны бос еді. Президент жарлығымен сайлаусыз– ақ тағайындаласыз. Не дейсіз?
Көзіме мөлтілдеп жас келді... Жыладым. Үнсіз. Көз алдыма ақшалар елестеді. Пыр–пырлап ұшып жүр айналамда. Иығыма, алақаныма қонады. Балаларым бас салып, бөлке нанды опырып жеп жатыр. Нан. Қайран, қара нан! Нанға зар болып жүрген отбасылар көп қой, біздің елде!
Содан мені үкіметке шақырып, Премерь–министр басымнан сипады. Тағы жыладым. Халықтың атынан жыладым. Моншаға тегін түсіртіп, су жаңа көстім–шалбар кигізді. Үкімет шалбары! Тағы жыладым. Көз жасым тиылар емес. Қуаныштан! Айлығымды айтсаңшы! Миллион теңге! Мұның бәрін өзім алмаймын! Жартысын халыққа, кедейлерге таратып бермесем... Отырып алып, опырып ақша тапқан ұят қой... Содан мен депутат болып кеттім! Аш жалаңаштар партиясы атынан. Министрлермен айтысатын болдым. «Халық аш, не істеп жатырсыңдар?» деп қоямын өзімше. Үкімет мүшелеріне сауалдар тастаймын. Содан бір күні үндемес депутаттар мені оңаша қоршап алды.
–Әй, бері кел, сен кімсің?
–Депутатпын.
–Мә...
–Бұл не? –деп сұрадым мен.
–Скотч.
–Оны қайтемін?
–Мәжілісте аузыңа жабыстырып отырасың...
–Өй, өздеріңе бұйырсын! –деп кете беріп едім, олар жабыла кетті. Бірі тепкілеп, бірі қылғындырып... Өлетін шығармын?... «Аштан өлгеннен гөрі депутаттардың қолынан өлген абырой ғой!» – деп ойлап қоямын ішімнен. Бір кезде сенат төрағасы келе жатыр еді, маған жабылып ұрып жатқандар орындарынан ұшып тұрды. Мені құшақтап, бетімнен сүйіп, туфлиімді жалап... «Жасасын, үндемес депутаттар!» деп айқайлап жатып, түсімнен шошып оянып кеткенім! Туу, енді депутат болғанымда... Ме... Менің де депутат болғым келеді, кешіріңіздер...
Мұхтар Шерім,