29 мау, 2022 сағат 17:52

Депутат айырбастау пунктерінде рубльді сатуға шектеу енгізуді ұсынды


Мәжіліс депутаты Аманжан Жамалов айырбастау пунктерінде ресейлік рубльді сатуға және сатып алуға шектеу енгізуді ұсынды, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

Депутат рубль бағамы рекордтық 9 теңгеге дейін нығайғанын еске салды. Соңғы үш айда рубль теңгеге қатысты 50 процентке қымбаттады.

"Тиісінше бүкіл ресейлік импорт елу пайызға қымбаттады. Ресей – құрылыс материалдарын, жиһаз, киім мен аяқ киімдердің негізгі жеткізушісі. Біз үшін рубльдің нығаюы ең маңызды импорттық тауарларға рубльдік инфляцияны білдіреді", - деді Жамалов Ұлттық банк төрағасына жолдаған депутаттық сауалында.

Айтуынша, рубльдің долларға шаққандағы бағамы жасанды, яғни квазинарықтық. Сол себепті рубльдің теңгеге шаққандағы бағамы да дәл осындай.

Депутат Ресеймен бірыңғай экономикалық кеңістікке кіретін Қазақстан үшін мұндай жағдай экномикалық тәуекелдер мен шығын әкелетінін атап өтті.

"Рубльдің еркін қозғалысы ресейліктердің қазақстандық банктерде шот ашып, оны теңгеге, ал кейін долларға айырбастап, шетелге әкетуіне әкеп соғады. Жекелеген банктер тіпті мұны бизнеске айналдырған. Осылайша доллар мен тауар сыртқа кетіп жатыр, ал рубль Қазақстанда қалып жатыр. Салдарынан біздің екінші деңгейлі банктерге өте көп рубль жиналып қалды", - деді мәжілісмен.

Жамалов Қазақстан бұл рубльді не істеуі керек деген сұрақ қойды.

"Рубльді пайдалануға болатын жалғыз жер – бұл Ресей. Яғни Ресейден импортты ұлғайту керек. Бірақ қазір олардың өзінде тауар тапшы. Керісінше Ресей Қазақстан арқылы импортын ұлғайтады деген болжам бар. Оның үстіне рубль бағамы да дәл қазір өте тартымды. Парадокс мынада: Қазақстанға қолма-қол рубль көп түсіп жатыр, соған қарамастан рубль бағамы нығаюда. Керісінше болуы керек қой, негізі. Бір валютаға ұсыныс көбейген кезде, оның бағамы әлсіреуге тиіс", - деді Жамалов.

Осыған байланысты депутат Ұлттық банкке валюта нарығын тұрақтандыру бойынша жүйелі шаралар қабылдауды ұсынды:

  1. рубльді басқа валютаға конвертациялайтын шетелдіктер үшін доллар немесе еурода капитал шығаруға шектеу енгізу;
  2. айырбастау пунктерінде ресейлік рубльді сатып алуға және сатуға шектеу қою;
  3. Ресей нарығында рубль бағамының қалыптасу ерекшелігін ескеріп, рубльдің теңгеге шаққандағы арнайы есептік бағамын қалыптастыру;
  4. қаржы министрлігі жиналған рубльді үкімет пен квазимемлекеттік сектордың рубльмен алған қарызын мерзімінен бұрын өтеуге пайдалану мүмкіндігін қарастыруы керек.