25 қар, 2024 сағат 17:52

Қатар компаниясы Қашаған газын өңдейтін зауыттың 75 пайыз акциясын сатып алады


Фото: Qazaqgaz


Атырау облысында Қашаған газын өңдейтін зауыттың құрылысы жүріп жатыр. Енді Қатар компаниясы бұл зауыттың 75 пайыз акциясын сатып алатын болды, хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.


Доха қаласында QazaqGaz, Power International Holding, KCG, HBP басшылары Қашаған газын өңдеу зауытының құрылысын жеделдету мәселесі талқылады. 


«Аталған компаниялар-мердігерлердің акционерлері жобаны жүзеге асыру статусы, тапсырмалар мен аталған жобаны жеделдету бойынша қабылданып жатқан шешімдер туралы есеп берді. Қазір Power International Holding-тың еншілес кәсіпорны UCC Holding тарапынан газ өңдеу зауытының 75 пайыз бөлігін сатып алу туралы келіссөздер аяқталды. Транзакция шарттарын келісу процесі басталды», - деп хабарлады ұлттық компанияның баспасөз қызметі.


Қатарлық UCC Holding компаниясы Атырау облысындағы газ өңдеу зауыты жобасына операциялық бақылау жүргізуді қолға алды. Енді бұл компания аталған жоба операторы – «GPC Investment» ЖШС-ға күрделі құрылыс бойынша жаңа атқарушы директор тағайындайды.


Сондай-ақ, тараптар бірлескен үш жобаны жүзеге асыруды жеделдету мәселесін қарастырған. Біріншісі – «Қашаған» газын өңдейтін зауыт жобасы. Оның қуаты 2,5 млрд текше метрді құрайды. Екіншісі – «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистралды газ құбырының екінші тармағының құрылысы, ал, үшіншісі – «Ақтөбе-Қостанай КС-14» жобасы.


Еске сала кетелік, бұдан бұрын Қашаған газын өңдейтін зауыт 2026 жылы іске қосылатынын жазған болатынбыз