Қазақстанның 5 медициналық жоғары оқу орны мен Ұлттық онкология және радиология зерттеу институтында медицина ғылымының дамуына серпін беретін ЖИ (жасанды интеллект) алгоритмдерін жетілдіру жобасы іске асырыла бастады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Денсаулық сақтау саласындағы жасанды интеллект: Ғылым + Медицина + АТ + Қазақстандық әлеует = қолданбалы сипаттағы бірегей шешім. 2019 жылдың шілде айында ақпараттық технологиялық гигант ІВМ онкологиялық аурулармен күресу бағытында жасанды интеллекттің үш құралына қолжетімділікті қамтамасыз етті. Алгоритмдерді пайдалану мен оны ары қарай жетілдіру обыр ауруын ертерек анықтап, емдеудің жаңа әдістерін анықтауға мүмкіндік береді. Алгоритм келешегі жоқ нұсқалардың бәрін қырып-жойып, тестілеуге кететін шығынды қысқартады», - деп жазады вице-министр Олжас Әбішев Facebook-те.
Вице-министрдің хабарлауынша, басқа алгоритмдер маңызды жаңартулар бойынша медициналық журналдарды талдап, әрбір пациент үшін жеке күтімді таңдайды.
«Аталған алгоритмдерді пайдалану обырмен ғана емес, басқа да қауіпті аурулармен күресуге жол ашады», - дейді ол.
Денсаулық сақтау министрлігінің Цифрландыру кеңсесі ИИ алгоритмдерін пайдалану мен жетілдіру бойынша жобаның толыққанды іске қосылғанын жариялайды. Жоба Қазақстанның 5 медициналық ЖОО-сында және Ұлттық онкология және радиология зерттеу институтында басталып кеткен. Олар:
- Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университеті;
- Астана медициналық университеті;
- Қарағанды медициналық университеті;
- Семей медициналық университеті;
- Оспанов атындағы БҚО медициналық университеті;
- Қазақ Ұлттық онкология және радиология зерттеу институты.
«Аталған құралдарды пайдалану медицина ғылымының дамуына серпін беріп, қауіпті ауруларда емдеудің жаңа әдістерін дайындауға серпін берер деген сенімдеміз», - деді Олжас Әбішев.