20 шіл, 2022 сағат 15:35

Денис Теннің сценарийі бойынша түсірілген фильм прокатқа шығады


Танымал қазақстандық мәнерлеп сырғанаушы Денис Теннің сценарийі бойынша түсірілген «Соқыр махаббат» фильмі 28 шілдеден бастап прокатқа шығады. Фильмнің бас продюсері Тимур Бекмамбетов пен спортшының анасы Оксана Тен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Сюжет бойынша, қыз бен жігіт әлеуметтік желіде танысып, бір-біріне ғашық болып қалады. Кейін қыздың керең-мылқау, ал жігіттің көзі көрмейтіні анықталады. Фильмде әлеуметтік желі кез келген тосқауылды жойып, шынайы махаббатқа жол беретіні көрсетілген. 

Денис Тен сценарийді 2018 жылы Тимур Бекмамбетовтің кинокомпаниясы атынан Screenlife Contest байқауына қатысу үшін жазған. Өтінішін жасырын жолдап, финалистер қатарынан көрінді. 

«Мен Дениске питчингке қатысу идеясы туралы айттым. Сосын ол жасырын түрде өтініш берді. Байқауға әлемнің түкпір-түкпірінен 250-ден астам өтінім түскен. Нәтижесінде Мәскеуде өткен халықаралық байқауда Денис жеңімпаз атанды. Біз түсірілімді Лос-Анджелестен бастауды жоспарлап қойған едік. Бұл қайғылы оқиғадан бір ай бұрын болған еді. Кейін Денистің анасымен бірге бұл фильмді түсіру керек деп шештік», - дейді Денистің досы, атқарушы продюсер Игорь Цай. 

Түсірілім 2019 жылдың басында басталып, үш айға созылды. Режиссер Венеция кинофестивалінің жеңімпазы Чак Че болды. Халықаралық фильмді түсіруге қазақстандық мамандар да белсене атсалысты. 

Игорь Цайдың айтуынша, фильм ел назарына 28 шілдеден бастап жол тартпақ. Сонымен қатар күзде Оңтүстік Кореяда прокатқа шығады. 

Айта кетейік, кино туындының сценарисі Денис Тен осыдан 4 жыл бұрын 25 жасында пышақ жарақатынан қаза болған еді. 

Еске салайық, мәнерлеп сырғанаушы Денис Тен 2014 жылы Сочиде өткен Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған болатын.