27 мам, 2021 сағат 18:36

ДДСҰ Қазақстан вакцинасын қашан тіркейді?


Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы Қазақстан ғалымдары әзірлеген коронавирусқа қарсы QazCovid-in (QazVac) вакцинасын қашан тіркеуі мүмкін? Бұл сауалға Биологиялық қауіпсіздік мәселелері жөніндегі ғылым-зерттеу институтының бас директоры Күнсұлу Закария жауап берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына өтінім беріп қойдық. Процедура күрделі әрі ұзаққа созылады, құжаттарды дайын болуына қарай ұсынамыз. Бүгінде бұл мәселеге орай еліміздің Сыртқы істер министрлігі үлкен көмек көрсетіп жатыр. Сонымен қатар Денсаулық сақтау министрлігінен де кеңес алып отырмыз», - деді деді ол ҚазАқпарат тілшісіне телефон арқылы берген сұхбатында. 

Оның атап өтуінше, Қазақстандағы АҚШ Елшілігі қазақстандық тарапқа консультантының қызметін ұсынған. 

«Ол бізге вакцинамызды тіркеу мәселесі бойынша кеңес береді. Яғни, бұл мәселеде бірнеше тарап, атап айтқанда Сыртқы істер министрлігі, Денсаулық сақтау министрлігі, Қазақстандағы АҚШ Елшілігі және біздің институт тығыз жұмыс істеп жатыр», - деді институт басшысы. 

Сонымен қатар ол Қазақстан вакцинасын тіркеу процедурасы қанша уақытқа созылуы мүмкін екендігін де айтты. 

«Тіркеу мәселесінде уақыт шектеуі жоқ. Мұның барлығы құжаттарымыздың сапасына байланысты. Егер олардың көңілінен шықса, талаптары мен нормаларына сай келсе, онда мәселе тезірек шешіледі», - деді Күнсұла Закария.