13 нау, 2019 сағат 12:46

Дәрмен Сәдуақасов шахматшы Бибісараның табиғи қабілеті туралы айтты

Танымал шахматшы Дәрмен Сәдуақасов Ресейден қайтып келген Бибісара Асаубаеваны бала кезінде арнайы тесттен өткізген, деп жазады ҚазАқпарат.

«Мен өзім Бибісараның талантына тәнтімін. Әлі есімде, 6 жасында болғанда мен оны тестен өткіздім. Сол кезде оның қабілетін көріп, анасына бірден айттым. Оның бойында сирек кездесетін талант, мықты табиғи қабілет бар. Ол бір нәрсеге зейін қойып, ұзақ отыра алады. Оны «зейін концентрациясы» дейді. Дәл осы концентрацияны Бибісара ұзақ уақыт ұстап отыра алады. Негізі, әр адамның зейін қою қабілеті әртүрлі. Ал Бибісара тест кезінде өте жақсы нәтиже көрсетті. Шахматшы үшін бұл аса қажетті қабілет, өте үлкен артықшылық», - деді Д.Сәдуақасов журналистерге берген сұхбатында.


Оның айтуынша, жеке қабілеті арқасында Бибісара Асаубаев сан алуан жастағы шахматшылар арасында оқ бойы озық шығып, чемпион атанды.

«Мен ол кезде федерацияның вице-президенті қызметін атқардым. Балалар шахматына жауап бердім. Біз Бибісараға үнемі көмектесіп тұрдық, жақсы стипендия берілді. Жаттығулар мен жарыстардың ақшасы да төленді. Былайша айтқанда, Бибісараның өсуі үшін барлық жағдай жасалды. Мен оның Қазақстан федерациясының құрамына қайтып келгеніне қуаныштымын. Қазір ол 15 жаста. Демек, үлкен жеңістердің бәрі алда», - деп атап айтты Д.Сәдуақасов.   

Айта кетейік, осыдан үш жыл бұрын Бибісара Асаубаева Ресейге көшіп, Мәскеу облысының атынан өнер көрсетті. Бір жылдан кейін бапкер Евгений Соложенкин оған электронды кеңестерді пайдаланады деп жала жапты. Алайда сотта Бибісара Асаубаева өзін толығымен ақтап шықты. Ресейде тұрғанда танымал Гарри Каспаров оны АҚШ-тың шахмат клубы атынан өнер көрсетуге шақырды. Бірақ Бибісара ол ұсыныстан бас тартып, Қазақстанға қайтып келді. Шахматшы қыз Маңғыстау облысының атынан жарыстарға қатысатын болды.