21 мам, 2021 сағат 13:01

Darmen қосымшасы төтенше жағдайды 5 секунд ішінде хабарлайды


Төтенше жағдайлар министрі Юрий Ильин қазақстандықтарды Darmen қосымшасын пайдалануға шақырды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Цифрландыру толқынан қалмау үшін біз Darmen мобильді қосымшасын әзірледік. Ол халыққа төтенше жағдай қаупі туралы 5 секунд ішінде хабар береді. Мысалы, магнитудасы 4 балл және одан жоғары жер сілкінісі кезінде сейсмодатчиктер іске қосылып, қосымша азаматтардың смартфондарына автоматты түрде хабарлама жібереді», - дейді ведомство басшысы. 

Оның айтуынша, Darmen қосымшасы ауа райы құбылмалы кезеңде жол жүрушілерге таптырмайтын көмекші бола алады.

«Қосымша жолдардың жабылуы, білім ошақтарында сабақтардың тоқтатылуы туралы ақпаратты ғана емес, сонымен қатар автобус, ұшақтар мен пойыздардың жол жүру кестесін ұсынады. Қазір мобильдік қосымшаны пайдаланушылардың жалпы саны екі жүз мыңнан астам адамды құрайды, тек 2020 жылы 90 мыңнан астам адам тіркелген. Осыған байланысты барлық қазақстандықтарды Darmen қосымшасын тегін жүктеп, белсенді пайдалануға шақырамын», - деді Юрий Ильин.