30 мам, 2017 сағат 16:31

Дархан Қыдырәлі: Алаш қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоюды тоқтату керек

Алаш қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоюды тоқтату керек. Мұндай пікірді бүгін Sarap Time сарапшылар клубының «Тарихи сана және қоғамның рухани қауіпсіздігі» тақырыбындағы отырысында Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бізге 1930 жылдардағы материалдарды сол қалпында бағалауға болмайды. Мәселен, бір хаттарды ала салып, бұлар бір-бірін сатты, бір-бірінің үстінен арыз жазды деп айту сол кезеңді білмеуден туған нәрсе. Кейде бір-бірін қорғау үшін жазды, араларына жансыз отырғызды. Кейде күштеп қол қойдырды. Тіпті, алдарына балаларын әкеп қинау арқылы да қол қойдырып алды. Бұл бүкіл отбасына түскен қасірет еді. КАРЛАГ, АЛЖИР-де әйелдерінің де, балаларының да қаншалықты азапқа түскенін білеміз.  Сондықтан Алаш қайраткерлерін бір-біріне қарсы қоюды тоқтату керек деп ойлаймын», - деді ол.

Оның айтуынша, 1930 жылдарда жарияланған материалдарды көру, жариялау бір басқа. Ал оларды сараптама жасау, талдау тарихшылардың еншісіндегі мәселе.

«Сондықтан біз ұлт болу жолында бұл кезеңнен тағылым ала отырып, рухани жаңғыруда үлкен қадам жасауымыз қажет», - деді Дархан Қыдырәлі.