14 там, 2019 сағат 15:17

Дала өртін азайтуға жаңбыр көмектеседі - ҚР ІІМ

ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Юрий Ильин елдегі дала өрті жөнінде пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Дала өрті бойынша Қарағанды облысындағы ахуал қиын - мұндағы жалпы өрт көлемі 2,7 мың гектарға жетті. Оны сөндіруге Орман шаруашылығы комитеті, жергілікті атқару органдарының және ҚР ІІМ бөлімшелері жұмысқа тартылды. Өртті оқшаулап, сөндіру үшін қосымша тікұшақтар бердік», - деді Юрий Ильин Министрліктер үйінде өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, аптап ыстық ауа райы өрттің қайта тұтануына ықпал етіп отыр.

«Алматы облысындағы Панфилов ауданындағы, Алматы қаласына жақын орналасқан Талғар, Қаскелең аудандарындағы өрт толық сөндірілді. Бірақ, ыстық ауа райына байланысты Алматы, Қарағанды, Қостанай, Ақмола облыстарында өрт қаупі жоғары болып қала береді», - деді спикер.

Синоптиктердің болжауынша, жақын күндері Қазақстанда ауа райы өзгеріп, жаңбыр жаууы мүмкін. Бұл дала өртін сөндіруге әсер етеді.

«Болжам бойынша, Алматыға жақын өңірлер мен Нұр-Сұлтанның айналасында жаңбыр жаууы мүмкін. Бұл өрт қаупін айтарлықтай төмендетеді», - деді Ю. Ильин.

Айта кетейік, ыстық ауа райынан Жамбыл, Ақмола, Қарағанды облыстары мен Алматы қаласындағы Көктөбеде өрт шықты. Сондай-ақ Қарқаралыдағы өрт 1,5 мың гектар орманды шарпыды