19 шіл, 2020 сағат 13:00

COVID-19 індетіне қарсы вакцина қашан пайда болуы мүмкін – маман болжамы

COVID-19 індетіне қарсы вакцина 2022 жылы пайда болуы мүмкін.

«Бас редакторлар клубы» қоғамдық бірлестігінің президенті, белгілі медиаменеджер Бибігүл Жексенбаймен Instagram арқылы сұхбаттасқан, медицина ғылымдарының докторы, профессор, ДДСҰ-да қызмет еткен Мақсұт Құлжанов осындай болжамымен бөлісті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Коронавирус – адамның ағзасын өте қатты зақымдайтын вирус. Мәселен тұмау қауіпті десек те, ол адамның ағзасына қатты зақым әкелмейді. Бұл вирустың өзгешелігі – мұнымен күресу өте қиын. Жаңа вирус болғаннан кейін халық та, медицина қызметкерлері ол туралы білген жоқ. Күн сайын осы вирустың қаншалықты қауіпті екенін біліп отырмыз. Бұл бір. Екіншіден, коронавирустың айналасында әртүрлі әңгіме тарап жүр. Әдейі қолдан жасалған деген пікір де басым. Көбі жалған. Бұл вирустың шыққан уақыты – 2019 жылдың аяғы деп жарияланды. Мүмкін одан да ертерек шыққан болар. Бірақ менің сенетінім – бұл вирус табиғаттан шыққан», - деді Мақсұт Құлжанов.

Профессордың айтуынша, алдағы 1-2 жылда адамзаттың бұл вирусты жеңуі қиын. 

«Коронавирус адамзатқа келді – енді шықпайды деп ойлаймын. Тұмау сияқты бұнымен де қайта-қайта күресу керек. Бұл – бәрімізге ортақ сынақ», - деді ол.

Мақсұт Құлжанов коронавирусқа қарсы вакцина табу – алдағы 2-3 айдың жұмысы емес. Тарихқа талдау жасасақ, бір ауруға жаңа вакцина 8-10 жыл жасалады.

«Әрбір институттың вакцина жасаудағы жұмыс сатылары болады. Бір сатыдан да аттап өтуге келмейді. Мүмкін кейбір ғылыми орталықтар осы кезеңдерді қысқартып шығаруы мүмкін. Бұл вакцина шығарудың этикалық зерттеулері де барын атап өту керек. Ең бастысы бұл екпе – адамға зақым келтірмеуі керек. Өте қиын шаруа. Қазіргі кейбір ғылыми орталықтар БАҚ-қа «вакцинаны тәжірибеден шығардық, клиникалық сатысына көштік» деп жариялап жатыр. Бірақ менің ойымша келесі жылдан ерте вакцина шықпайды. Реалистік тұрғыдан қарағанда вакцина 2022 жылы дайын болуы мүмкін. Әр елдің ғылыми орталықтары дәріні болсын, вакцинаны болсын сараптайды. Одан өтпеу мүмкін емес. Біздің елде де сондай жұмыс жүргізіліп жатыр», - деді ол.