Өткен жылдың соңынан бері медицина саласының мамандары коронавируспен сырқаттанудың алдын алуға қатысты ескерту жасап жатыр. Қазіргі кезде әлем елдерінде аурудың таралуының жалғасуы қауіптің сейілмегенін байқатып отыр. Бұл тұрғыда сақтық іс-шараларын орындау маңызды екені анық.
Астана медицина университеті Балалар жұқпалы аурулары кафедрасының меңгерушісі Динагүл Баешеваның пайымынша, індеттің таралуы мәселесінде адамдар бұл процесті өзі басқарады. Коронавирустың жоқ болуы да, тың қарқынмен үдеп кетуі де мүмкін.
«Бір-бірімізге вирусты қаншалықты тарататынымызға байланысты. Мәселен, қатаң шаралар қабылданған, үйден шығармаған кезеңді алып қарайық. Сол кезде вирустың адамнан адамға тарайтыны көп айтылды.Температура жылы ма, суық па, аяз ба, аптап ыстық па – вирусқа бәрібір. Себебі індет – адам арқылы тарайды», - деді Динагүл Баешева.
Осы орайда маман мамыр айында ТЖ режимі алынып тасталып, карантин енгізілгенін еске салды. Бұл кезеңде адамдар жағдайды әлі толық түсінбеді. Бәлкім, біздің елде мұндай індеттің бұрын болмағаны да, мұндай шаралардың ешқашан қабылданбағаны да себеп болған шығар.
«Бірқатар елде дәрігерлер мен эпидемиологтардың кеңесін бұлжытпай орынғанын көрдік. Бізде халықтың біраз бөлігі сол кезде вирустың жоқтығын айтысып, мұны әдейі жасалып жатқан шектеулер ретінде қабылдады. Негізсіз уәж айтып, соның салдарынан көбісінде күдік болды. Маусымда карантин мен ТЖ режимі алынып тасталып еді, бәрі көшеге шығып, қоғамдық орындарды аралап кетті», - дейді инфекционист.
Оның айтуынша, мыңдаған адам базарға шығып, қыдырып кеткен. Адамдар сақтық шараларына мән бермей, ақпаратты қабылдамады. Ақыры бір аптада ғана науқастар күрт көбейіп, сырқатты ауыр көтеретіндер де өсіп кетті. Мұның бәрі – инкубациялық кезеңнің аяқталуынан болды. Ештеңеге сенбей, бір-бірімен байланыста, қарым-қатынаста болғандар көбейді. Бұл тұрғыда Динагүл Баешева ел халқын осы қателіктерді қайталамауға шақырды. Алда қысқы мерекелік күндер көп болғандықтан, осы демалыс кезеңінде әрбір қала мен елді мекен тұрғындары сақтық шараларына ерекше мән беруі керек.
«Биылдың басынан бері адамдар коронавирусқа қарсы күресті үйреніп алатындай болды. Індет қаупін сезіне жүруіміз керек. Сондықтан біздің міндет – жағдайға қарай бейімделу. Мамандар белгілеп берген іс-шараларды ұстанған абзал. Вирус жыл мезгіліне қарамай тарап жатыр. Ол ең алдымен өзінің көбею жолын іздейді. Міндеті - өкпеге жетсе болды. Сол себепті біз созылмалы аурулары бар адамдарға екпін қойып отырмыз. Коронавирус жұқтырған адамның бұрыннан бергі созылмалы ауруы қозып кетуі ықтимал», - деді Динагүл Баешева.
Жүрек-қан тамырлары ауруы мен COVID-19
№4 елордалық емхана кардиологы Жанат Сұңқарбекова жүрек-қан тамырлары жүйесі проблемалары бар науқастар үшін COVID-19-дың қандай қаупі барын айтып берді.
Коронавирустық инфекция жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарда ауыр өтеді, себебі вирус жүрек-қан тамырлары жүйесіне көп факторлы зақымдаумен әсер етеді.
«Коронавирустық инфекциямен ауыратын науқастарда сөзсіз болатын гипоксия жағдайында жүрек-қан тамырлары аурулары бар науқастарға COVID-19-ға төтеп беру қиын. Сонымен қатар вирус гиперкоагуляцияға және тромбозға бастапқы бейімділікке ие. Коронавируста тромбоздың даму қаупі жоғарылағанда, бұл жағдай ушығады», - деді Жаннат Сұңқарбекова.
Коронавирусты жұқтырмау үшін барлық белгілі профилактикалық шараларды сақтау қажет.
«Екіншіден, сіз өзіңіздің диагнозыңыздың - жүрек-қан тамырлары ауруларының емімен айналысуыңыз керек. Егер бұл артериялық гипертензия болса, онда сіз қан қысымын бақылауыңыз керек. Негізгі терапия қажет. Коронавирусты жұқтырған жағдайда дәрігерге ерте бару маңызды. Барлығы «өздігінен өтеді» деп үміттенудің қажеті жоқ. Ешбір жағдайда, қысымды төмендетуге арналған негізгі терапиядан бас тартуға болмайды. Холестерин деңгейін төмендетуге, антиагреганттарға қарсы дәрілерді қабылдауға көмектесетін статиндік терапияны жалғастыру қажет. Коронавирус инфекциясынан бұрын да қабылдаған барлық дәрі-дәрмектерді жалғастыру керек және оларды дәрігердің рұқсатынсыз ешбір жағдайда өзгертуге немесе қабылдауды тоқтатуға болмайды», - деп ескертті кардиолог.
Егер адам коронавирус белгілерін байқаса, ең алдымен дәрігерге жүгіну керек. Қажет болса, жалпы тәжірибе дәрігері әрдайым кардиологпен кеңеседі. Әрі қарай емдеу жоспарын келіседі. Терапевт пен кардиологтың арасында тығыз байланыс болуы керек.
«Екі маңызды мәселе бар. Адамдар көбінесе антикоагулянттарды профилактикалық мақсатта қабылдауды қалайды. Бұлай істеуге болмайды, өйткені дәрі-дәрмектердің әсері күшті және қан кетуіне әкелуі мүмкін. Оларды тек дәрігердің нұсқауы бойынша қабылдау керек. Сонымен қатар карантин кезінде адамдар үйлерінен шығуды сиретті. Науқастар жаттығуды тоқтатып, отырықшы өмір салтын жүргізе бастады. Бұл жүрек-қан тамырлары ауруларының ағымын күшейтеді. Ешбір жағдайда дене шынықтыру деңгейін төмендетпеңіз, үйде жаттығуды жалғастыруыңыз керек. Ең бастысы - ниет болса, кез келген жағдайда жол табуға болады», - деп сөзін аяқтады дәрігер.
Медициналық маскалардың тиімділігі
Нұр-Сұлтан қаласының бас санитарлық дәрігері Жанна Пірәлиеваның айтуынша, зерттеулер медициналық маскалардың тиімділігін дәлелдеді. Бетперде тағу коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға көмектеседі.
«Тиісті зерттеуді Гонконг университеті мен АҚШ-тағы Мэриленд университетінің ғалымдар тобы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы сарапшыларының қатысуымен жүргізді. Зерттеу нәтижелері ғылыми басылымдарда жарияланды», - деп түсіндірді қалалық бас санитар дәрігер.
Америкалық ғалымдар коронавирустың жылдам таралатынын анықтады. Принстон университетінің мамандары COVID-19 індеті таралуының математикалық моделін ойлап тапты. Оның көмегімен пандемия адамдар көп жиналатын жерлерге баратын инфекция тасымалдаушылар әсерінен індет тез таралатыны айқындалды.
«Инфекцияның алдын алу үшін бәріне жоғары қорғаныс бетперделерін пайдалану қажет емес. Мысалы, жұқпалы аурулар дәрігерлеріне толық оқшаулағыш респираторлар қажет, ал жұмысы медицинамен байланысты емес адамдар үшін дәріханаларда сатылатын қарапайым маскалар жарайды. Үйде мұндай қорғаныс қажет емес, бірақ қоғамдық орындарға барған кезде міндетті болып тұр. Кәдімгі медициналық масканы әр 2-3 сағат сайын ауыстыру керек екенін есте ұстаған жөн», - деді маман.
Осы орайда ол карантиндік шараларды орындауға үндеу жасады.