Елордада «Astana Musical» мемлекеттік театры «COVID-19» атты жаңа туындысын ұсынады, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
«Қазақконцерт» МКҰ» РМҚК баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа спектакль атауының өзі айтып тұрғандай, басты назарда – 2020 жылдың ең танымал сөзіне айналған «COVID-19» мәселесі.
Қойылымда ойдан шығарылған кейіпкерлер мен үйреншікті пафосқа толы образдар жоқ. Туынды толығымен өміріміздің қазіргі болмысын көрсететін шынайы оқиғаларға негізделген.
«COVID-19» хореографиялық спектаклі – бұл мәңгілік құндылықтар туралы пайымдау, адамдардың карантин кезіндегі ішкі ой-толғанысы, санамыздағы өзгерістер, көпшіліктің қисынсыз әрекеттері мен ойға қонымсыз түсініктері, соның нәтижесінде жақындарынан айырылған азаматтардың қайғы-қасіреті..
Әлемді күрт өзгерткен «COVID-19» пандемиясы бізді өзгерте алды ма? Сақтық шаралары мен шектеулерге дейінгі өмір қайта орала ма? Осы және өзге де өзекті сауалдардың жауабын көрермендер «COVID-19» атты хореографиялық спектакльден табады.
Спектакльдің режиссер-хореографы – «Astana Musical» театрының әртісі Анель Мурзагулов. Музыкалық туындыларды «Astana Musical» әртісі Ақжол Өмірзақов жазған.