Қазгидромет күзге арналған ауа райы болжамын жариялады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
Синоптиктер мәліметінше, күзде жаңбыр, құбылмалы ауа райы, желмен қатар, жылы әрі шуақты күндер де болады.
"Күзге арналған ауа райы болжамына сәйкес, алғашқы екі айында республиканың басым бөлігінде ауа температурасы 1-2 градусқа нормадан жоғары болады деп болжанып отыр. Қарашада республиканың басым бөлігінде жылы, ал Батыс Қазақстан, Атырау, Солтүстік Қазақстан, Ақтөбе, Қостанай облыстарының солтүстік-батысында, Павлодар облысының солтүстік жартысында норма шегінде жылы болады деп күтіледі", - делінген хабарламада.
Қыркүйек пен қазанда жауын-шашын мөлшері Қазақстанның басым бөлігінде нормадан аз, яғни құрғақшылық болады. Қарашада елдің көптеген облысында жауын-шашын мөлшері климаттық нормаға жақын болады деп болжанып отыр.