07 там, 2022 сағат 21:30

Cенімді байланыс – жеңістің кепілі


Әскери байланысшылар тәулік бойы қарулы күштерді соңғы үлгідегі тиімді әрі сапалы байланыспен қамтамасыз етеді. Олар қару-жарақ пен әскерді басқару жүйесінің сапалы болғанын қолдайды. Байланыс тораптары мен техникалық жабдықтардың жарамдылығын үнемі бақылап отырады. Осы орайда қазіргі заманғы байланыс туралы Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы байланыс департаментінің аға-офицері Нұрлан Маратұлы Қалманов айтып берді, – деп хабарлайды «Ұлт ақпарат».


Оның айтуынша, жалпы байланыс ұғымы өзара ақпарат алмасу ұғымын білдіреді. Қазіргі күнді тіпті байланыссыз елестету мүмкін емес. Сол сияқты соғыс уақытында да сенімді байланыс – жеңістің кепілі. Себебі байланыс ең алдымен – басқару. Сол себепті әскери басқару жүйесінде ақпарат алмасуда, қару-жарақпен басқаруда қамтамасыз ететін әскери байланыс жүйесі құрылған.

«Әскери байланыстың сапалы жұмыс атқаруын қамтамасыз ететін Қазақстан республикасы Қарулы күштерінің байланыс әскерлері бар. Байланыс әскерлері Қарулы күштердің құрылымдарын басқару, байланыстың барлық түрімен қамтамасыз ету үшін құрылған арнайы әскер болып саналады. Өз құрамында байланыс әскері әскери бөлімдерден байланыс тораптарынан құралған. Бүгінгі күнде сол әскери бөлімдер заманауи талаптарға сай келетін радио, профсфералық, спутниктік, заманауи талаптарға сай келетін әскери техникалармен жабдықталған.

Жалпы, Қазақстан тарихында байланыс мәселесінде үлкен, негізгі орын алған, мысалы Қазақ хандығы дәуірінде де, Жоңғар шапқыншылығы кезінде де сенімді байланысшылар міндетін ержүрек жаушылар атқарған. Және байланыс құралдары ретінде үрмелі аспаптар, домбыра қолданылған. Яғни байланыс ұйымдастырылған. Содан кейінгі тарихи кезеңдерде электроника пайда болғаннан бері ақпарат алмасу технологиялары қарқынды дами бастады. Алдымен телеграф құралдары, одан кейін телефон, радио байланыс құралдары қолданысқа енді. Өзіміздің Тәуелсіздігімізді алып, әскерімізді құрған жылдан бастап Қарулы күштерінде Байланыс әскерлері жабдықталды. Ең бірінші, Кеңес әскерінен мұра болып қалған ескі байланыс жүйесі, әскери техникалық байланыс құралдары болды. Кейінгі кезеңдерде байланыс әскерлерінің құрылтайшысы, алғашқы бастығы майор Орынбеков басқарған байланысшылар, одан кейінгі жылдарда байланыс тізгінін ұстап отырған басшылар, және сонымен қатар қамтамасыз еткен барлық әскери мамандар, бүгінгі күні біздің құрметті ардагерлеріміздің еңбегі орасан зор», – дейді Қазақстан Республикасы Қарулы күштері Бас штабы байланыс департаментінің аға-офицері Нұрлан Маратұлы.

Қазіргі таңда ҚР Қорғаныс министрлігінің бекітуімен Әскери байланысшылардың кәсіби мерекесі деп бекітілген күні бар. Ол 31 қазан болып бекітілген. Себебі 1992 жылы осы күні Әскери байланыс органы Қорғаныс министрлігінің байланыс департаменті құрылған.

«Бүгінгі күні жетістіктеріміз аз емес. Оның бірі – осы үш жыл қатарынан Халықаралық армия ойындарында сенімді қабылдау конкурсында біздің әскери байланысшылар жеңімпаз атанды. Сонымен қатар, өзіміздің елде өтетін барлық халықаралық дәрежедегі іс-шаралар болсын, оқу-жаттығуда болсын, әскери байланысшылар өздеріне берілген тапсырманы жоғары деңгейде атқарып жүр.

Қазіргі заманда телекоммуникация бір орында тұрмайды. Олар жаңғырып, дамып отырады. Осы орайда байланыс әскерлерінің даму перспективалары туралы айтатын болсақ, бұл өте маңызды бағыт. Өте күрделі және ауқымды жұмыс. Себебі, қазіргі байланыс сапалы болу үшін, бір жағдайда ғана қалып қоймау керек. Қазір әлемде өте дамып жатқан ақпарат тарату, телекоммуникация, технологиялардың дамып жатқан уақытында  әскери байланыстың да заманауи талаптарға сай болғаны өте маңызды.  Сол себеті қазіргі таңда ҚР Қорғаныс министрлігінің басшылығы, Қарулы күштеріміздің Бас штабының басшылығы осы әскери байланыстың жабдықталуы мен дамуына аса мән беріп, үнемі қолдау көрсетіп отырады. Және оның сапасы мен байланыстың қауіпсіздігіне өте жоғары талаптар қояды. Бүгінгі таңда ҚР Қарулы күштерінің Байланыс департаменті отандық қорғаныс мекемелерімен біріге отырып, ауқымды жұмысты атқарып жатыр. Мысалы, барлық бұрынғы ескірген әскери техникалар заманауи талаптарға сай келетін цифрлық технологиялармен жабдықталған байланыс техникаларымен ауыстырылды. Қазіргі таңда Қорғаныс қарулы күштердің қолданысында цифрлы орта қуатты радиостанциялар, командалық басқару штабтық машиналары, тафассфералық радиациялық станциялар, спутниктік байланыс кешендері қолданыста. Ең жетістігіміз сол заманауи талаптарға сай техникалар өзіміздің отандық компанияларда жасалған», – дейді аға-офицері Нұрлан Қалманов.

Расында қандайда бір заманауи техника болғанымен, егер білімі жоғары маман болмаса, әрине ол ешқандай жетістіктерге жетуі мүмкін емес. Сол себепті бұл байланыс мамандығы жоғары , интеллектуалды, білімді және әрдайым ізденісті талап ететін мамандық. Жалпы әскери байланысшылардың офицерлері Алматы қаласында орналасқан Радиоэлектроника және байланыс әскери инженерлік институтында дайындалады.

«Бүгінгі таңда Қарулы күштеріміздегі барлық байланысшы офицерлер осы институттың түлектері. Сонымен қатар кіші мамандықтардың да орны бөлек, сол себепті кіші мамандық даярлау  біздің Алматы облысында орналасқан оқу орталығында дайындалады. Осы оқу орталық алты ай ішінде әскер қатарына қабылданған сарбаздарды радиостанцияның бастықтары, тардиотелеграфистер, радиомеханиктер сияқты мамандықтар бойынша дайындап шығарады. Бір қуанып айта кететін жағдай, биылғы жылдан бастап осы оқу орталығында екі мамандық бойынша сарбаздарды даярлаймыз деп жоспарлап отырмыз. Яғни әскер қатарына шақырылған сарбаз әскери мамандықпен қоса азаматтық мамандық та алып шығады. Ол дегеніміз әскерге шақырылған сарбаз үйіне мамандық алып қайтады деген сөз. Сонымен қатар, біздің жоспарымызда Ұлттық Қорғаныс университетінен Байланыс кафедрасын ашу бар. Себебі ол бүгінгі күнде офицерлердің білімін жетілдіру ауадай қажет. Ол мамандарды өз елімізде дайындау өте тиімді және алдағы күнде ғылыми жұмыстармен айналысуға да мүмкіндік береді деп ойлаймын», – дейді аға-офицері Нұрлан Қалманов.