Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов «Ashyq» қосымшасы барлық өңір бойынша қашан іске қосылатынын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Министрлік еліміздің IT-қауымдастығынан коронавруспен қарсы күреске атсалысатын технологиялық шешімдер табуға көмектесуді сұраған болатын. Мұндай жобалардың іске асуын бюрократиялық процестер ұзаққа созып жіберетінін ескеріп, ұсынатын ерікті әрі ақысыз негізде дайындау туралы өтініш айтылған. Дәл осы кезде Нұр-Сұлтан қаласының деңгейінде азаматтар көп шоғырланған орындарда тіркелген вирус жұқтыру жайттарын анықтайтын жоба жүріп жатты. Оны жасаушы – Виталий Пустовойтенко еді. Біздің үндеуімізге үн қатып, жобасын ақысыз негізде тираждауға келісті», - дейді Әсет Тұрысов.
Жоба авторына Денсаулық сақтау министрлігі мен және «Атамекен» ҰКП қолдау көрсетіп, ілкі жоба өзінің өміршеңдігін көрсетті. Бүгін Виталий Пустовойтенко өз жобасын Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне тапсырып отыр.
«Қазір министрлік мамандары ол жобаны қабылдап қана қоймай, ақпараттық қауіпсіздікті сақтай отырып, «Ақпараттық технологиялыр» АҚ-ның серверіне өткізді. Осының есебінен ақпараттық қауіпсіздік бойынша сынақ өткізіп жатырмыз. «Ashyq» қосымшасын бүгіннің өзінде 235 мың қолданушы жүктеп алған. Ілкі жобаға 619 кәсіпкерлік нысаны қатысып жатыр. Көбіне бұл фитнес-клубтар, йога-орталықтар, спа-орталықтар, компьютерлік клубтар, бассейндер. Соңғы бір аптада 213 сәйкестендірілген адам анықталды. Жалпы алғанда жоба басталғалы 660 сәйкестендірілген немесе «қызыл» азамат анықталған», - дейді министрлік өкілі.
Сондай-ақ, ол қосымшаның сәуір айының аяғына дейін барлық өңірде іске қосылатынын мәлім етті.
«Жобаны мақсаты – бизнес нысандарында қауіпсіз орта қалыптастыру. Вирус жұқтырмаған адамдар бұрынғыдай еркін өмір салтын ұстану үшін жасалып отыр. ПТР-тесті ауру көрсетпеген адамдар жоғарыда аталған нысандарға кедергісіз бас сұға алатын болады. Қосымшаның арқасында азаматтар өз барғысы келетін нысанның қауіпсіз екенін, онда аурудан ада орта бар екенін нақты біле алады. Мұндай жағдай туғызу арқылы кәсіпкерлерге де өз ісін жалғастыруға мүмкіндік беруге болады. Министрлік қолданушыларды қолдау үшін «1414» call-орталығын іске қосты. Ал бизнес қауымдастық үшін «Атамекен» ҰКП базасында «1432» call-орталығы жұмыс істеп тұр. Осылайша Үкіметтің тапсырмасы бойынша 26 сәуірде «Ashyq» қосымшасын барлық өңірлер бойынша іске қосуды жсопарлап отырмыз. Оған дейін қажет шаралардың бәрін қабылдаймыз», - деді вице-министр.