Соңғы 20 жылда әскер және үкіметтік емес қарулы күштерден 170 мыңнан астам бала босатылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат БҰҰ-ның Жаңалықтар сайтына сілтеме жасап.
Мұндай нәтижеге Балалардың жанжалдарға қатысуына байланысты Баланың құқықтары туралы конвенцияның факультативтік хаттамасының көмегі зор болды. Алайда әлі күнге дейін кәмелеттік жасқа толмағандар мен жас балалар әскерге алынып, барлаушы және сексуалды құл ретінде пайдаланылып келеді.
«172 мемлекет ратификациялаған факультативтік хаттама – соғыста балаларға орын жоқтығы туралы жаһандық бәтуаластық. Бұл елдер 18 жасқа толмағандарды әскери әрекеттерге қатыстырмауға уәде берген», - делінген Бас хатшының Балалар және қарулы қақтығыс жөніндегі арнайы өкілі мен Адам құқықтары жөніндегі комитет мүшелерінің баяндамасында.
Алайда балалар әлі күнге дейін соғысқа қатысып келеді. 2005 жылдан бастап балалар құқықтарының бұзылу фактілерінің үштен бірі олардың әскерге әкетілуі мен сексуалды құл, жансыз және үй қызметшісі ретінде пайдаланылуы болып отыр. 2005 жылдан бастан соғыс әрекеттеріне 93 мың бала қатысқан.
«Бүгін Факультативтік хаттаманың күшіне енгеніне 20 жыл толып отыр. Соған байланысты осы құжатты қабылдамаған елдерді оны бекітуге, балаларды қарулы күштерге тартуды тоқтатуға шақырамыз. Сонымен қатар аталған әрекеттер үшін қылмыстық жауапкершілік енгізуді ұсынамыз», - делінген хаттамада. Оның авторлары хаттаманы бекіткен елдерді ондағы міндеттерді орындауға шақырды.