17 там, 2021 сағат 00:54

БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесі шұғыл отырыста Ауғанстандағы жағдайды талқылады


«Хаос. Тәртіпсіздік. Белгісіздік. Және қорқыныш». Бас хатшы Антониу Гутерриш Ауғанстандағы жағдайды БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің мүшелері алдында сөйлеген сөзінде осылай сипаттады. Нью-Йорк уақытымен дүйсенбі күні таңертең Қауіпсіздік Кеңесі Ауғанстандағы оқиғаға байланысты шұғыл отырысқа жиналды. Бұл туралы БҰҰ жаңалықтар орталығы хабарлады.

Ақпарат құралдарының хабарлауынша, жексенбіде тәліптер Кабулды басып алды. Ауғанстан президенті Ашраф Ғани мен басқа да ресми адамдар елден кетті. Мыңдаған адамдар үйлері мен мүліктерін тастап, Ауғанстаннан кетіп жатыр. Олар «Талибан» басып алған жерлерінде орнатқан зорлық -зомбылық пен қатаң тәртіптен қашуға әрекеттенуде. «Бұл жерде көп нәрсе бар. Прогресс. Үміт. Тұтас бір ұрпақ - ауғандық жас әйелдер мен қыздардың, ерлер мен ұлдардың арманы», - деді БҰҰ басшысы өз сөзінде.

«Осы қиын сәтте мен барлық тараптарды, әсіресе, «Талибанды» барынша ұстамды болуға шақырамын». 

Бас хатшы бейбіт тұрғындарды қорғау, сондай-ақ гуманитарлық ұйымдарға көмекке мұқтаж Ауғанстан халқына кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз ету қажеттігіне баса тоқталды. Бұл жағдайда халықаралық қауымдастық бірігіп, Ауғанстандағы адам құқықтарының, әсіресе әйелдер мен қыздардың қорғалуын қамтамасыз ету үшін және елдің террористік ұйымдардың алаңы мен қорғаны ретінде пайдаланылуына жол бермеу үшін қолдан келгеннің бәрін жасауы керек.

«Мен Қауіпсіздік Кеңесін, жалпы халықаралық қауымдастықты Ауғанстандағы жаһандық террористік қауіп-қатерді басу және адам құқықтарының сақталуын қамтамасыз ету үшін барлық құралдарды қолдануға шақырамын», - деді Гутерриш. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта «Талибан» бақылауындағы аумақтарда жүрген БҰҰ қызметкерлеріне құрметпен қарайды. «Біз тәліптерді осы орайда дипломатиялық өкілдердің ісіне қол сұқпауға шақырамыз», - деді Гутерриш. Ол БҰҰ ауғандықтарға қажетті көмек көрсетуді жалғастыратындығын айтты.