Кеше ғана ҚР Премьер-Министрі Асқар Маминнің төрағалығымен өткен мемлекеттік комиссия отырысында қалыптасқан эпидемиологиялық жағдайды ескере отырып, карантин шараларын кезең-кезеңімен алып тастау жоспары бекітілген еді.
Жиын барысында еліміздегі санитарлық-эпидемиологиялық жағдай, шектеу шараларын жеңілдету жөніндегі ұсыныстар, өңірлер мен кәсіпкерлік субъектілерінің қызметті қайта бастауға дайындығы туралы Денсаулық сақтау министрі мен бірқатар облыс басшылары, сондай-ақ «Атамекен» ҰКП басқарма төрағасы баяндама жасаған болатын.
Қазақстанда карантин шаралары күшіне енгізілген кезеңде эпидемиологиялық ахуал тұрақтандырылып, медициналық ұйымдардың жүктемесі айтарлықтай төмендеген. Вирусты жұқтырудың тәуліктік өсімі 4%-дан 0,5%-ға дейін азайcа, сауығып шыққан адамдар саны 76%-ға жетіп, репродуктивтіліктің орташа көрсеткіші 0,78-ге дейін төмендеген.
Осы орайда, Ұлт порталы шектеу шараларын жеңілдетуге байланысты өнер адамдарының ой-пікірін білген еді.
«Әлемді алаңдатып, ел басына төнген қауіп әлі де сейілмей тұр. Індет талай жанды жалмады, ешкімді аямады.
"Тәртіпке бағынған құл болмайды", - дейді қазақ. Бұл кезеңнен ауыртпалықсыз шығудың жолы - әрине, сақтық шараларын қатаң сақтау, бетперде кию һәм көпшіліктің басы қосылатын жиын-тойларға барудан бас тарту. Ел-жұртқа қайғы мен қатар ауыртпашылығын әкелген бұл аумалы-төкпелі заман да өтер. Бастысы, уайым-қорқынышқа бой алдырмай, жақсы күндерден үмітті болайық!" - дейді Жүсіпбек Аймауытов атындағы облыстық қазақ драма театрының әртісі, мәдениет саласының үздігі Нұржан Сарқамбаев.
Еске сала кетейік, елімізде шілде айының ортасында екі аптаға созылатын карантин енгізілген болатын. 29 шілдеде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев эпидемиологиялық ахуалды тұрақтандыру жөнінде кеңес өткізіп, карантин шараларын тағы екі аптаға ұзартуды тапсырған еді.