24 қаз, 2019 сағат 09:13

Бүкіләлемдік әскери ойындарда қазақстандықтар екі қола медаль жеңіп алды

Ухань қаласында өтіп жатқан VII Бүкіләлемдік әскери ойындарда Қазақстан Қарулы Күштерінің қоржыны екі қола медальмен толықты. Грек-рим күресінен армия спортшылары жүлдегер атанды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

60 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі жарыста ҚР Қорғаныс министрлігі Армия орталық спорт клубының спортшысы Айдос Сұлтанғали үшінші орынды иеленді. Ол Үндістан палуаны, 2019 жылғы Азия Чемпионатының қола жүлдегері Гьянендера Дахияны 6:3 есебімен жеңді.

76 келіге дейінгі салмақта армия спортшысы Гүлмарал Еркебаева Литва чемпионы Грета Стэпонитені 10:0 есебімен жеңіп, ел қоржынына екінші «қоланы» әкелді.

Бес күндік жарыс қорытындысымен медаль саны жағынан ойын қожайыны – Қытай көш бастап тұр. Қазақстан құрамасының қоржынында – бір алтын, бір күміс және үш қола бар.