04 қыр, 2017 сағат 09:06

Бұқа-Тархан иналшы Тоныкөк

Алдыңғы жазғандарымызда біздер Тоныкөктің дұрыс үшбұрышты таңбасының «қасиетті сиыр ананың ұлы» дегенді білдіріп тұрғанын айтып, Тоныкөктің есімін осы таңбаға қатысты Танакөк деген едік. Ары қарай оның есімі осылай аталатын болады. Және де, Танакөктің Орхон жазуларындағы Баға-Тархан деген атауының, анығында, шыққан тегіне қатысты Бұқа-Тархан болған деп ойлаймыз.

Орхон ескерткіштеріндегі Танакөк мәтінінде: «Білікті Танакөк мен өзім Тағбаш (қыйдан. Қ.З.) елінде қылындым. (тудым).  Түркі халқы Тағбашқа бағынышты еді. Түркі халқының ханы болмаған еді. Тағбачтан бөлініп өзінің ханын тапты. (Бумын. К.З.).  Ханын жойып Тағбачқа қайта бағынды»  деп жазылған екен.  Егер де түрік дегені  қият-қыпшақтар болса, онда «ханы болмаған еді» деген сөз бұл жерде жазылмас еді. Танакөк «инал» атағының мәнісін де, «бұқа-тархан» атағының мәнісін де жақсы білген. Яғни, қият-қыпшақтардың бұрында хан-патшаларының болғанын білген. Бұл жерде Кляшторный айтқандай, түріктің қыпшақтан бөлек екені айтылып тұр. Және де Танакөктің: «...өзінің ханын тапты» дегенінен біздер, бұл түрік дегендердің өз арасынан, ешбір әулетке жатпайтындарды хан көтере салғандарын түсінеміз. Танакөктің тегі Ашидэ жөнінде болса, ертеден қалған бір хабардан соң: «Ертедегі бір қағанның әулеті» деп айтылады. Яғни, Танакөктің тегінде хандық болған. Алдыңғы жазағнадырымызда біздер Ашидэ деген атаудың қият-қыпшақтық, кеянидтік ежелгі Кай әулетіндегі Кай Оседень патшасының атымен  үндес екенін айтқан едік. (оседень-ашидэ). Және де Ашидэнің таңбасының  біздің д.д. кұрылған юечжи-кушан, яғни, адай-қыпшақ патшаларының таңбасы екенін айтттық. Кай әулеті, таңбалар, рәміздер жөнінде ғаламтордағы «Шыңғыс хан және қыпшақтар», «Шыңғыс ханды түрік қылған Рашид-ад-дин», Шыңғыс хан – адай руының ұрпағы» атты мақалымызда айтылған соң, біздер осыны қайталап жатпай, тек қана осы мақалаларға: «алдыңғыда айтқанымыздай» деп сілтеме жасап отыратын боламыз.  

Ары қарай: «Табғаштан бөлініп өзінің ханын тапты. Ханын жойып Тағбашқа қайта бағынды. Орман тау арасында қалғаны жиылып жеті жүз болды. Екі бөлігі атты еді, бір бөлігі жаяу еді.  Жеті жүз кісіні басқарушы ұлығы шад еді. «Бірік» деді. Бірігушісі мен едім білікті Танакөк. Қағанымен ұғысайын деп ойландым. Арық бұқалы, Семіз бұқалылар жырақта есептесер. Семіз бұқа Арық бұқаға ептеседі дейік. Осылайша ойландым. Одан соң, Тәңірі білік бергендіктен өзім қағанмен жақсы ұғыстым. «Білікті Танакөк Бойла  Бұқа-Тарханмен бірге Елтеріс қаған болайын» деді. Білік иесі, сөз иесіне мен бағындым. Шұғай құзын, Қарақұмды мекендеуші едік».

Бұл жерде, түрік дегендердің Тағбаштан бір бөлініп ханын сайлап, кейін ханын жойып қайта бодан болғандары айтылып тұр. Осы кезде Тағбаштар оларды қатты қырған соң түріктердің тірі қалғандары Танакөк бастаған қият-қыпшақтарға бірігелік деп ұсыныс жасайды. Алдыңғыда хан сайлап оған таласып хандығын жойған бұлармен сонда Танакөк жақсылап келісуді ойлады. Яғни, «хандарың мен боламын» десе, олардың көнбей кететінін ұқты. Және де өзі айтып тұрғандай осыны жақсы ұқты. («жақсы ұғыстым»). Қаржаубай Сартқожа бұл жердегі «ептеседі» дегенді «көмектеседі» дей салыпты. Анығында бұл жерде Семіз бұқаның (нақ қыпшақтың) Арық бұқамен (шала қыпшақпен, жиен) ебін тауып келісері айтылып тұр. Қағанның атының Елтеріс болғаны, оның қыпшақпен сүйек-шатысының болғанын білдіреді. Елтерістің шын аты Құтлұғ еді.  Және де, Құтлұғтың: «Бұқа-Тарханмен бірге Елтеріс қаған болайын» дегенінде бұл тақ иесінің Елтеріс атағын Бұқа-Тарханның ұсынуынша алғаны білініп тұр.  Демек, Танакөк оған: «Қаған боларсың, біздің әулеттің атын аларсың, біздікілер көнуі үшін» дегендей. Ал енді Танакөктің: «Білік иесі, сөз иесіне мен бағындым дегені, Елтерістің қуыршақ қаған болғанын астарлы сөзбен айтып тұр. Яғни, «билікті Танакөк айтады, Елтеріс сөйлейді» деген сөз. Бұл жердегі  «білік иесі» дегеніміз «билік иесі» деген мағынада айтылғандай. «Сөз иесі» дегені бұйрықты сөзбен жеткізетін  деген мағынада. Сондықтан да, осы замандарда түріктерде «бұйрық», «айғайшы» атаулары пайда болған. Яғни, нағыз басшы, бұйрық иесі деген мағынада.

Осы Танакөктің мәтінінен біздер оның көріпкелдер арқылы ел билеп отырғанын түсінеміз. Оның заманында қият-қыпшақтың кімдер екендерін жақсы білген оғыздар, яғни, ұйғырлар тағбаш пен сина-қытайға елші жіберіп, қыпшақтардың түріктермен бірігіп алып жатқандарының бәріне де, зор оқыс екенін айтады. Танакөк пен Елтеріс жөнінде айтқан елшілер: «Ол екі кісі бар болса, Тағбаш сені де жояды, шығыста қытайды да жояды, оғыз мені де қырады» дейді. Осыдан кейін соғыс басталып Танакөк жеңіп Отыкен жынысында тұрақтайды. Оның қол астына жақын-жақын халықтар жинала бастайды. Олар келгенде Елтеріс деп келмейді, Танакөк деп келеді, мәтінінде айтылғандай. Сондықтан да Танакөк: «Ақылгөйі мен едім» деп айтады. Яғни, біл жерде кімнің ақылымен Түріктің қайта ел болғаны айтылып тұр. Осымен қатар, Танакөк өзінің болмағанында бұл түрік дегендердің оғызды, яғни ұйғырды игі етіп отырарын айтады. Осы жөнінде бітіктаста Танакөк: «Иелік еткендіктен, Құрметті еліме иегерлік еткендігім үшін, ел де ел болды, халық та халық болды. Өзім қара болдым, ұлық болдым» дейді. Яғни, бұл жерде ол Кай әулетінің ұрпағы бола тұра елі үшін қаған болмай «қара ұлық» болғанын айтып кеткен. «Түркі Біліге-қаған елінде жаздым  мен білікті Танакөк» деп жазғанында оның, Білге-қағанның тұсында ақиқатты ашық айта алмай кеткенін білдіріп тұр. Осының ақырында Танакөк: «Елтеріс қаған иелік етпесе» деп өзі қойған қағанды айтып: «мен өзім білікті Танакөк иелік етпесем, мен жоқ болсам, Қапаған-қаған Түркі есір жерінде Бод та, халық та, адам да, ел иесі де жоқ болған болар еді» дейді. Бұл жерде Бод деп тақтың киесі айтылып тұр. Қапағаннның тақтық атағы Мачжо еді. Меніңше, Бачжо болғандай, өйткені, Сир қағанатын құрған Елтер-Ильтер әулетінен шыққан қағанның аты Бачжо еді. Біздер оны қазақшалап Басшы деген едік. Елтеріс Құтлұғтың шешесі осы Ильтер әулетінен болса керек. Сонда Арық-бұқа дегені шала бұқа текті деп айтылып тұрғандай. Және де, Түрік қағанатындағы ата әулеті Ашина, ана әулетінің Ашидэ болғанына ешкім де шүбә келтірмейді.

Егер де ұйғырлардың Селеңгі тасында бұл бірлестікті  түрік-қыпшақ десе, Танакөктің тасында «turk-sir bodyn jeri» деп айтылып, Түрік жерінің «түрік-қыпшақ халкінікі» екені айтылады. Бұл жерде түрік пен қыпшақтың бір халық екені айтылып тұрған жоқ. Танакөк атап кеткендей түрік-қыпшақ бірлестігі айтылып тұр. Танакөк білгір болғандығынан қолынан келіп тұрса да, хандықты өзі алмай,  бірікпесе ұйғыр, қытай, қыйдандардың бірігіп алып ең алдымен өзінің сир-қыпшақтарын құртатынын жақсы білген соң, ебін тауып түрікті хандыққа отырғызған. Ұйғырмен бірігіп алып бұл түрік қағанатынан қалған атасы қытай ғұн-түріктердің қалдықтарын құртып жіберер де еді. Алай да, алдыңғыда айтқанымыздай оғыз бен қыпшақ бір-біріне ежелгі замандардан бері жау еді. Оғыз дегеніміз ариандар болса, қыпшақ дегеніміз турандар. Бұлармен кейін бірігіп Танакөк билік құра алмас еді. Сондықтан да, Танакөк жабайы түрікті одақтасқа таңдаған, түбінде ата жауы оғыз-ұйғырды құрту үшін. Өзі хан тағына жармасқанда түріктер бірікпес еді, өйткені, бітіктаста айтылғандай, олар бөтенді қойып, тақ таласында өздерінің хандарын да құртып жіберген еді. Белгілі түркітанушы Ю.Зуев осы жайлар жөнінде дұрыс пікірлер айтқан. Оның пікірінше, Сирлер түріктермен бірге мемлекеттегі жер иеленушілер болған. Мемлекеттің қағансыз болмайынтынын жақсы білген сир-қыпшақ Танакөк алдыңғы екі қағанның кандидатурасын билікке жақындатпай, үшінші Кұтлұғты Елтеріс деген атақпен таққа отырғызған. Елтеріс дегеніміз «ел тер», яғни, елді жинаушы, мемлекет құрушы деген мағынада. Осыған дейін, бұл сир-қыпшақтардың Ильтер-Илиту деген әулеті Сир қағанатын құрған еді. Елтеріс дегеніміз осылардың атауы. Демек, Танакөк Кұтлұғқа өздерінің хан әулетінің атағын берген. Тарихи деректерге Ильтер-Илиту деген қыпшақтардың хан әулеті қазіргі наймандардың шежіресінде  Елтай-Елата деген атпен терістаңбалының атасы ретінде көрсетілген. Сир дегеннің сеир, яғни ірі қара мал (тур) екеніне ещкім де қазір дау келтірмейді.  Терістаңбалының құрамында Ақтана (ақ тайынша) тармағы да бар. Терістаңбалының ноқта таңбасы – хан әулеті дегенді білдіретінін біздер талай жерде айтқан едік. Осымен қатар олардың «ноқта ағасы» деген атағы да хан әулетін білдіреді. Яғни, ежелгі кейаниан-қиян-қият-кай+ут, Кай әулетін.

Ал енді, Күлтегіннің бітіктасында жоғарыдағы Танакөктің айтқан соғыстары айна-қатесіз баяндалады да, барлық жетістіктер ашиналықтардың ерліктеріне беріледі. Кейбір зерттеушілер, соның ішінде Кляшторный да бар, бұл екі бітіктастың екі жорықты айтып тұрғанын айтады. Анығында,  мұқият оқысаңыздар Күлтегіннің мәтінінде Танакөктің айтқандары біраз толықтырылып қана айтылған. Мәселен, оғыз-ұйғырлармен соғыс жөнінде Танакөк: «Әскері үш мың екен, біз екі мың едік. Соғыстық. Тәңір жарылқады. Біз талқандандық» десе, дәл осы эпизодты Күлтегін мәтіні: «Біз аз едік, әлсіз едік. Тәңірі күш-қуат бергендіктен онда шаншыдық, ыдыраттық» делінеді. Және де бұл мәтіннің басында да, Танакөктің айтқаны сияқты, бірақ толығырақ, бірінші Түрік қағанатының күйреуі жөнінде айтылады. Екінші қағанаттың құрылуы жөнінде Танакөк өз ауызынан: «Орман, тау арасында жиылып қалғаны жеті жүз болды» дейді. Күлтегін мәтінінде осы жөнінде: «сонда барып қосылды. Жиналып жетпіс ер болды» деп айтылып, Танакөк жөнінде ештеңе жазылмайды. Бейне бір, Елтеріс қаған өзі болғандай. Бұл жердегі «жетпіс ер» дегені жеті жүздікті басқарған жүзбасылар айтылып тұр. Танакөк болса, «жеті жүз» деп жүздіктерді айтып отыр.

Қысқасын айтқанда, жоғарғы салыстырулардан біздер Елтеріс пен Қапаған қаған өлгеннен кейін, Елтерістің баласы Күлтегіннің қыпшақтарды биліктен алшақтатқанын көреміз. Яғни, жоғарыда айтылғандай, түріктердің жетістіктері Елтеріс пен оның ұрпақтарына жазылып кеткен. Танакөктің аты Күлтегін мәтініде бір жерде ғана ат үсті айтылады. Яғни, оны қатардағы бір қолбасшы ретінде ғана айтып кетеді. Қытай деректерінен біздер Күлтегіннің кезінде Қапағанның «тақты ұрлаушы» атанғанын, ол қаза болғаннан кейін 716-ші жылы Күлтегіннің Ашидэ әулеті өкілдерін қанды қырғынға ұшыратқанын көреміз. Жаңа ғана таққа отырған Білге қағанның қайын атасы болған Танакөк қана жазадан құтқарылып жер аударылады. Алай да, ашиналықтарға қарсы Түркеш қағанаты бас көтеріп, елде азаматтық соғыс қаупі төнгенде Танакөк билікке қайта келеді. Оның бір ауыз сөзінсіз ешбір мемлекеттік іс шешілмейді. Екінші түрік қағанатындағы билік жөнінде қорытынды жасаған Ю.Зуев: «Бұл тарау ертедегі түрік тайпалары және де, мемлекеттік бірлестіктердің идеологиялық қөзқарастарын қамтыды. Бұл идеологиялық көзқарастар көбінде сәйкестеніп, біздің дәуірімізге дейінгі ақырғы жүзжылдықтан бастау алатын жалпы негізге ие болады. Бұндай негіз – түрік аштактардың (түрік-ашидэ. Қ.З.), оғыздардың, қыпшақтардың, аз-кіштердің, кимектердің, қанлылардың және т.б. идеологиялық комплекстерінде із қалтырған ежелгі юечжи (ати/аси) мен Канцзюй (канга/кунги/кенгю) болады.  Бұл негіздің енді бір түрі қазірі түрік халықтарының фольклорінде сақталған» деп, Ергене қоң оқиғасын меңзеп кетеді. Аңыз жөнінде айтқан Ю.Зуев бұл юечжи-кушандарда ай мен күндік дулаисті мемлекет басқаруы болғанын айтқан еді. Бұл жерде юечжи-кушан, яғни, Ергене қоң аталған Ферғана аңғарынан шыққан адай-қыпшақ бірлестігі айтылып тұр. Алдыңғы жазғандарымызда біздер Бөрте-шене мен Куа маралдың Ай Тәңірі мен Күн Тәңірінің символдары екендерін айтқан едік. Бұл жөнінде «Шыңғыс хан және қыпшақтар», «Шыңғыс ханды түрік қылған Рашид-ад-дин» атты мақалмыздан біле жатарсыздар.

«Истроия Востока» атты дереккітапта (источник) кейін түркі тілі атанып кеткен тілде алғашында теле бірлестігіндегі оғыздардың сөйлеп жүргендері айтылады. Сондықтан да, біздер түрік тілі дегенді қыпшақ тілі деп айтқан едік. Ал енді, ғұн-түріктердің тілі қазіргі маңғол тіліне ұқсас болғандай. Қайткенде де, қыпшақтың, яғни, қазақтың түбінің атасы қытай ғұн-түрік емес екендігі анық. Өтікен жынысы дегеннен-ақ біздер олардың «орман халықтары», яғни, қытайлар таңбалаған «жабайы татарлар» екендерін түсінеміз. Мырзатай Жолдасбек жыныс дегенді орман, тоғай деген екен. Ал енді, қазақ болса бұл орманнан шыққан жоқ.  Ашина да, көк бөрісі де, біздікі емес. Ақжол ұранды Қазақтың туы ақ болуы керек еді. Ақжолдың арғын Ақжол биге қатысы жоқ. Қазақтың атасы болған қият-қыпшақтың генеалогиялық мифіндегі Құс жолы болады. Сондықтан да, Мырзатай Жолдасбектің өзі айтқандай: «Біздер идеологиясы жоқ елміз».  Алай да, «күлтегіншіл» Мырзытай Жолдасбек күлі көкке ұшып, енді қайтпас Күлтегіннің,  атасы қытай ғұн-түріктік идеологиясын  көксейтін сыңайлы. Бұндай, бірімен-бірі таққа таласып, мелекеттіктен айыратын идеологияның  бізге керегі жоқ. Олардың құлпытастарынан басқа ештеңе қалған жоқ. Ал енді, біздер, яғни қият-қыпшақ қазақтар болсақ олардан да арғы замандардан өзіміздің елдігімізді сақтап келеміз.

Бір айта кетері, қазақстандық ғалым Ю.Зуев, беларус С.Кляшторныйдан басқа да көптеген тарихшы ғалымдар түрік пен қыпшақтың екі бөлек массивтер екендерін айтады. Түркітердің, яғни, жабайы татарлардың теле бірлестігіне ғана сүйеніп мемлекет құрғандарын жазады. Бұларды Европаға кетіп қалған ғұндардың қалдықтары екендерін дәлелдейді. Үйсіннің де бұлардан бөлек екендерін қытай тарихшылары да айтады. Сонда ұлы жүз үйсін, орта жүз арғын, кіші жүз алшын қалайша түрік болмақ? Осының жауабын  анық білген орыс ғалымдары өздерін түрік санап жүрген қазіргі қазақтың ғалымдарын иектерімен изеп, бір-біріне көзін қысып жымыңдасып: «Чурка, он и есть чурка» деп айтады екен. Ал енді, «чурка» дегендері надандардың айтып жүрген қыпшақ ұғымының қабықшақ, яғни, ағаштың қабығы деген соң келемеждегендері болады. Анығында, қыпшақ дегеніміз Кави+шақ, яғни, абыз-ақын, патшалық сақтар дегенді білдіреді. Геродот айтқан «царские скифы». Осыны білген орыстардың ғұламалары біздерді Кай+сак деп атаған. Бұл жердегі Кай сөзі Кави атуының бір фонетикалық нұқсақсы болады. Сонда, олардың біліп айтқан кайсак сөзі – Кавишақ, яғни, қыпшақ екен. Яғни, кайсак-қазақ дегендері қыпшақ болады. Ал енді, біздер болсақ, дуалистік мемлекетімізден кейін бұл атаудың басты нұсқасының «қос сақ», не болмаса «косақ» екенін айтқан едік. Тарихи деректердегі касог, каса, хаса деген атаулар осыны меңзейді. Арабтардың заманынан бері бұл атаудағы «с» әрпінің орнына «з» әрпі еніп қозақ, хузаағ, хуза болғандай. Арабтар қосай дегенді «хузай» дейді. Мәселен, найман шежіресіндегі Қызай-найман дегендері анығында хузай, яғни қосай-найман болады. Бәйдібектің қызы, немере қызы дегендері бұл қызайлардың түбінің де қыпшақ екендерін айтып тұр. Бәйдібек үйсін емес, қыпшақ болған. Қазыбек бек Тауасарұлының шежіресінен біздер сары үйсіндердің өздерінің Бәйдібекке, яғни, қаңлы- қыпшаққа кірме екендерін көреміз. Және де, Бәйдібектен тарады деген албан, суан, шапырашты, ошақты, ысты тайпаларының таңбаларының ежелгі қаңлы-қыпшақтардікі екендерін аңғарамыз. Осымен қатар, дулаттағы жаныс пен ботбай руларының таңбалары да олардың бұқатекті, яғни, қият-қыпшақтардың патша әулетінен екендерін айта аламыз. Алдыңғы мақалаларымызда осы таңбалардың мағынасы айтылған еді. Яғни, ең бастысы ноқта (шөміш), мүйіз (Ү), дұрыс үшбұрыш таңбалары қият-қыпшақтарды, турандықтарды білдіреді. Тур дегеніміз бұқа болады. Қазақ шежірелерінде Тур дегеніміз Өкіреш (найман), Мүйізді (қыпшақ), Ақтана, Ақтайынша (қарақұрсақ), Бұзау (жеменей) деп таңбаланған.  

Ал енді, тарихи деректерде 6-ші ғасырда алғаш пайда болған түркі атауының басты нұсқасы «туркут», «тюркют» болған еді. Қытайлар «туцзю» деп таңбалаған. Кейбір зерттеушілер түрік дегенді құлағы түрік бас киім, яғни тымақ десе, кейбіреулер «тірек» дейді. Әрине, бұның бәрі қисынын келтіріп айтқан жорамал ғана. Түрік сөзінің мағынасын осы күнге дейін ешкім де білмейді. Айтқан қисындары негізсіз. Меніңше, бұл «туркут», «тюркют» атауының мағынасы «бұқаның көті» болса керек. (Тур гөті). Ертедегі «гуту» деген сөздің - ұл, баласы деген мағына беретіні белгілі. Осыдан туркут дегені тур+гуту болуы да мүмкін. Яғни, турандықтың, бұқатекті ханның  қызынан туған баласы, атадан ғұн, анадан қыпшақ деген мағынада. Мәселен, Танакөк те Білгі қағанға өзінің қызын береді. Осындай үрдістің болғаны анық.  Күлтегін мәтінінде Білге қаған: «Ұмай текті анам»  дейді.  Осы бітіктастарда басына дұрыс үшбұрышты қалпақ киген Ұмай ананның суреті бейнеленген екен.  Алдыңғы мақаламызда біздер бұл дұрыс үшбұрышты таңбаның, яғни, Танакөктің өз таңбасының қыпшақтардікі екенін айтқан едік. Умай ананың аты Авестадағы дұрыс үшбұрышты үй салған арийлік Ием пайғамбардың атынан болған.  Осы дұрыс үшбұрышты үйдің әбден қалыптасқан пішінінің дұрыс үшбұрышқа ұқсайтын Ергене қоң, яғни, Ферғана аңғары екенін де алдыңғыда айттық. Міне, дұрыс үшбұрыш ұғымы осыдан келе жатыр. Танакөктің де тасында осы дұрыс үшбұрыш бейнеленген. Бұл тұмар таңба анығында: «Қасиетті сиыр ананың ұлы» дегенді білдіреді.  Мифологияда бұл таңбаның, қасиетті қара бұқаның маңдайындағы ақ таңлағы екені айтылады. Бұл таңбаны біздер «өкіреш», «ием еней» таңба деген едік. Ю.Зуев пен Қаржаубау Сартқожа бұл таңбаны «символ женского начала» деп дұрыс айтқан. Өйткені, бұл таңба, алдыңығда айтқанымыздай, әйел ананың жатырын білдіріп тұр.

Түрік аңызы мен қытай жылнамалары түрік атаулының шыққан тегін Шығыс Түркістанмен байланыстырады. Яғни, кейінгі ғұндардың бір бөлігі Солтүстік-Батыс Қытайдан Тұрфанға (Шығ. Түркістан) 3-ші ғасырдың аяғында, 4-ші ғасырдың басында ығыстырылған. Бұл жерде олар 460-шы жылға дейін жүріп, жергілікті тохарлар мен турандықтармен араласып, өздерінің құрамына жаңа этникалық компонент алған. Міне, осы тұста олар тур+гуту аталған болса керек. Бұларды туркут деп соғдалықтар айтқан дейді. 6-шы ғасырдың екінші жартысынан түрік атауы алғаш жарыққа шығады. Меніңше, кейінірек гуту, кут, кют, гөт сөзінен қатын (көтен) ұғымы пайда болған. Білге қаған шешесін айтқанда: «Анам қатын» деген екен. Соғдылар айтқан туркут дегені «тур қатыннан» деген мағынаны беруі әбден мүмкін.

Ал енді, Ашинаның аңызына осы кейінгі түрік қағандарының идеологтары турдың орнына көк бөріні енгізіп жіберулері мүмкін. Не болмаса, бұл миф түркітерді жеңіп, қыздарын қатын қылған оғыз-ұйғырлардан қалуы мүмкін. «Оғызнамадағы» Оғыз қағанның алдына көк бөрі қай заманда түскен?  Арғы түбі ариандар болған оғыздардың ұғымында көк бөрі нағыз жау еді. (Авеста). Қайткенде де, бұл қасқыр төтемі туран-қыпшақтардікі емес, ғұн-түріктедің өздерінікі. Білге қағанның атынан жазылған құлпытаста бұл идеологтар өтірікті суша сапырғанда, аңызды да ойдан шығарулары ғажап емес.  Алай да, осы Ашина жөніндегі екі аңызды талдап көрелік.

Бірінші аңыз бойынша, басқа тайпа өкілдерінің шабуылынан аман қалған бір он жасар жігіт пен ұрғашы қасқырдың ұйыққанынан пайда болған бала, шешесінің Ашина (чино-бөрі) атын алады. Бұл бала дүниеге Гаочан тауының үңгірінде, яғни, ұйғыр жақта пайда болады. Сондықтан да, С.Кляшторный бұл баланы ұйғыр деген. Ашинаның ұрпағы Асан шад қасқырдың ұрпақтарын Алтайға ертіп әкеліп, осы жерде олар түрік атанады. Екінші аңыз бойынша, Әкім Тарази Апанбай деген Абанбудың 17 ұлы болады. Солардың бірі Нодулу шадтың он тоқалынан туған он ұлы шешелерінің атын алады. Оның ең кіші тоқалынан туған ұл шешесінің Ашина атын алады. Осыдан Асан шад, одан Туу, одан Бумын қаған.

Осыдан көргендеріңіздей, екі аңызда да, Ашина дегеніміз аналықтың аты екен. Меніңше, екінші аңызда Оғыз бірлестігі айтылып тұр. «Бір ұлы аққу болған» дегенінде, осы бірлестіктегі куман, яғни, аққу адам қыпшақ айтылып тұрғандай. Осы аңыздардан біздер С.Кляшторный айтқандай, Ашина атауының аналық екенін, бұл атаудың жоғарыда айтылған Шығыс Түркістан, Турфан, яғни, ұйғыр жақта пайда болғанын аңғарамыз. Бұл әулет атадан оғыз-ұйғыр, анадан атасы қытай ғұн болса керек. Алдыңғыда айтқанымыздай ғұндардың мифологиялық атасы Шун Вейдің Шун атауының алдына құрмет белгісін білдіретін «а» әрпі қосылып айтылып ашун, ашин, ачын болғандай. Қаржаубай Сартқожа Күлтегін мәтініндегі «ecum apam», яғни, ачум апам дегенді С.Маловтан көшіріп «ата бабам» дей салыпты. Анығында, бұл жерде арғы тегім ачум (н) әжем, яғни «ашун әже» әулетінен Бумын қаған деп айтылып тұрса керек, олар өздерін қыздан тарататын үрдісті ұстанғанда. Бұл жерде «ата-баба» емес, «арғы тегі» деген ұғым бар.  Яғни, арғы тегінің «ачум» атауы біздердің айтқан «ашунға» үндесіп тұр. Сонда, Ашун дегеніміз қытайлардың тақ таласында елден қашқан қытайдың патша әулетінің өкілін  білдіріп тұр деген сөз.  Турфаннан Алтайға келген түргөтілер болса, осыларды хан көтергендей.

Бұлардың ұрпақтары Күлтегін болса, қият-қыпшақтардың көмегімен ел болып алып, кейін, қасиетті әулеттің өкілдерін қырып тастап, өздерін тәңір текті етіп жариялайды.  Сақталып қалған Күлтегіннің статуясының бет-әлпетінен біздер оның антропологиясының сина-қытайлық монголоид екенін анық көреміз. Яғни, оның бет-әлпетінде қазақтың бет-әлпетіне тән «түркілегнген арийлік нышан» жоқ.  Таза түрдегі синид-монголоидтік типті бет-әлпет.  Және де, солтүстік халықтарының (чукча) бет-әлпетінің қоспасы бар.

Сонымен, Ашина әулеті жалған патша әулеті болған соң, Танакөк талай жерде айтқан тақ киесі оларды қолдамай, мемлекетімен қоса құрдымға кетеді. Біздер сонау есте жоқ ерте замандардан бері осы күнге дейін Кай әулетінің ұрпақтарын білсек, кейінгі Ашинадан ешбір ұрпақты да, әулетті де білмейміз. Көріпкелдерді, яғни, абыздарды, тақ киесін айтқан Танакөктің түбінің Кави, яғни, абыз-ақын екені хақ. Ал енді, Танакөктің: «Елтеріс қаған, білікті Танакөк иелік еткендіктен, Қапаған-қаған Түркі-есір халқы, жұрты киелі» деген сөздерінен біздер бұл дуалистік билік тұрғанда қол астындағы халқының киесінің, тақ киесінің  кетпейтінін айтқаны еді.  Бұл жерде тақ киесіне ие болған әулеттің ғана ел басқарғанда киенің қолдауында болары айтылып тұр. Тегіңде хандық болмаса, тағыңда кие болмас, кие болмаса, елің ел  болмас.  Жабайы болған орман халқы түріктерді бағындыру үшін Танакөкке осындай, дуалистік билікті мемлекет құру  саясатына  баруы қажет болды. Яғни, тексіз түрік қағандарын қият-қыпшақтардың текті тақ киесі қорғап тұрмақ ұғымында. Өздеріңіз байқағандай біздер Ашина, яғни, түрік жақтан қытайдың патша әулетінің аналық жағынан болмаса, басқа жағынан ешбір монархиялықтың нышанын көріп тұрғанымыз жоқ. Ал енді, Танакөктің Ашидэ әулетіне келетін болсақ, бұл әулеттің «ертедегі бір қағанның әулеті» екені анық.  Ол әулеттің кеианиан Кай Оседень болуы керек деп те айттық. Ашидэнің таңбасын біздер юечжи-кушан патшаларынан қалған алтын теңгедегі патшаның қасынан көреміз.  Кеианиандарды білген бабаларымыз: «Келелі елде қаңлы бар, қаңлыдан хан көтер» деген еді. Яғни, хан әулетінен хан көтерсең ғана келешегіңнен (келеден) кәдік болмақ емес деген мағынада айтылған. Қаңлының түбінің хан сақтары (царские скифы) екендері де айтылды. Яғни, Кай әулеті дегеніміз осы каи-қаңлы болады. Кезінде, елімізде Шыңғыс хан ұрпақтары монархиялық партия құрмақшы болғанда белгілі қоғам қайраткері Мұхтархан Абаған төре бұл жайды: «утопия» деген еді. Өйткені, хан сақтарынан емес, су сақтарынан шыққан Шыңғыс хан әулетінің монархиялық тегі, негізі, яғни, тақ киесі жоқ. Сондықтан да, оның да құрған Ұлы империясы құрдымға кеткен еді. Ал енді, тақ киесінің иесі болған, каи-қаңлы Осман құрған  империя бүгінгі күні әлемдегі айтулы мемлекеттердің қатарында тұр. Және де, оның әулеті әлем мойындаған монархиялық әулетке саналған. Олардың түрік атаулары саяси термин емес, әлеуметтік термин. Яғни, олар да, түбінде түрік емес. Тақ киесі болмаған Шыңғыс ханның әулеті монархиялық әулетке саналмайтыны белгілі.

Түрік қағандарының төтемі марал болған. Бұл төтемнің қазаққа еш қатысы жоқ. Тунгус-ойрат, ойрат тектес алтай халықтарының мифологиясында бұл марал жануар күннің символы болады. Қият-қыпшақтар айға табынған. Міне, осы екі символдың өкілдері Танакөктің кезінде дуалистік билік құрған. Ал енді, «Құпия шежіредегі» Қуа Марал дегеніміздің анығында қоймарал екені айтылды. Әбілғазы қоймаралдың архар екенін айтқан. Мифологиядағы Бөрте шене мен Қуа маралдың, яғни, Бөрте шұнақ ит пен Қоймарал-архардың  анығында ай мен күннің символдары болғандарын біздер «Құпия шежіреден» де түсінеміз. Тілеуберідінің аударғанында қоңыраттық Дай шешен Есугей құдасына: «Сәуе көрсем: бір ақ шаңқан сұңқар қос шеңгеліне ай мен күнді қатар алып қолыма келіп қоныпты, деймін» деген екен. Алай да, Дай шешен өзінің көрген түсін дұрыс жорымаған. Бұл жерде қият-қоңыраттың Ай, қият-бөржігін-адайдың Күн  тұқымдарының сұңқардың  шеңгелдерінде қатар келгендері, олардың бір-бірімен қосылып құда болатындарын білдірген.  Бұл жердегі ақ шаңқан сұңқар дегені қият-қыпшақтардың зороастралық наным-сеніміндегі періште, Ергене қоңда, яғни, дұрыс үшбұрышты  Вара үйінде дін таратқан құс болады.  Ертедегілер бұл символдар жөнінде біздерден артық білген еді. Зороастралық діннің қасиетті кітәбі Авестада осы Күн мен Айдың байланысы жөнінде: «Күн мен Айдың арасындағы ең жақсы байланысқа дүға етелік!» деп айтылады. Осыдан біздер «Құпия шежіренің» мәтіні мен Авестаның мәтіндерінің үндес екендерін аңғарамыз.  Және де, шежіредегі Ай хан, Күн хан, Жұлдыз хан дегендердің мифологиялық, авесталық, зороастралық тұлғалар екендерін түсінеміз. Бұл генеалогиялық мифтердің қазіргі маңғолға да, осы маңғол тектес түрікке де, атасы қытай ғұнға  да еш қатыстары жоқ.   Бұл: «Алтын күн аспаны!» деп ән ұран салған, «Айың тусын оңыңнан!» деп бата берген қазақтың, яғни, ежелгі қият-қыпшақтың генеалогиялық мифі болады. Біздің туымызда да, елтаңбамызда да, Күн Тәңірі бейнеленген. Ақ шаңқан сұңқарымыз алтын түсті болып бейнеленген. Ал енді, Ай Тәңіріні нышаны болса, елордамыз Астанадағы бәйтеректің басында тұр.  Бәйтерек біріншіден қазақтың атасы Қаңлының бәйтерек таңбасы, екіншіден - қыпшақтың Айбас ұраны мен толған айды білдіретін Айтолы ұғымы. Пирамида Қазақтың отаны, дұрыс үшбұрышты Ергене қоңды, қыпшақтық Умай анамызды  білдіріп тұр. Бұл ғимарат біздерді қорғайтын тұмарымыз. Мәңігілік ел монументінің басындағы Самұрық құс біздің арийлік ата-тегіміздің белгісі.  Алаш аңызының ең басты нұсқасында ақбас баланы Самұрық құстың асырап алып жеткізгені айтылады. Осындай атам қазақи рәміздеріміз тұрғанда Мырзатай Жолдасбектің: «Біздер идеологиясы жоқ елміз» деп неге өкпелеп жүргені белгісіз. Меніңше, қырық ру, үш жүзге бөлінген қазіргі қазақты басқарып отырған Астананың архитекторы Аллаһтың қалауымен біздердің төл генеалогиялық мифтерімізді нақты ұстанған. Біздерге ешқандай да, ғұнның бөрісі, қырғыздың барысы, доңызға табынған алтын адамы  рәміз емес. Қазақ, қазақ болғанда Ай мен Күнге табынып, Құс жолымен барар бағытын тапқан ұлы халық.  Қазақ түрік емес – қыпшақтанған турандық нәсіл.

Біздер алдыңғы жазған «Шыңғыс хан сақтардың ғұрпымен жерленген» атты мақаламызда Шығыс Қазақстандағы Шілікті алқабының маңында Шыңғыс хандікі ме деген қорымның табылғанын айтқан едік. Өткен аптада бас археолог Әбдеш Төлебайдың жетекшілігмен белгілі көріпкел Серік Самарқан бастаған экспедиция екі қорымның маңында тағы да барлау жұмыстарын жүргізіп, аэродрон аппаратын ұшырып жоғарыдан видеотүсірілімдер жасағанда екі қорымның пішіндерінің бірінің Ай, екіншісінің Күн кейпінде салынғандарын анықтады. Алдындағы ғарыштан түсірілген фотосуреттен бұл қорымның бас жағында қоңыраттың босаға таңбасының көрінгенін айтқан едік. Юечжи-Кушан дуалистік мемлекеттің символдары мен Шыңғыс ханның нағашы жұртының таңбасының бір жерде тоғысуының бекер емес екені анық. Қазақстандық ғұлама ғалым болған ақсүйек Ю.Зуевтің айтып кеткеніндегі Ай мен Күн символдарының дуалисті мемлекетті білдіретінін еске алатын болсақ, онда, бұл қорымда жай ғана бір батыр, шонжар, хан емес, мемлекет құрған адамдардың жатқандарын түсінеміз. Ғалымдар бұл қорымның шамамен 800-1000 жыл бұрыннан қалғанын айтады.  Яғни, Ұлы маңғол империясы құрылған заманнан қалған. Бойына Қыдыр дарыған көріпкел абыз, атадан керей, анадан меркіт Серік Самарқаннның айтуынша, бұл қорым ашылғаннан кейін,  қазақ тарихының ақиқаты ашылады. Және де, Қазақ елі Көк Тәңірлік дінге қайта оралады.  Ай мен Күн символдары, Көк Тәңірінің діні, пайғамбары туралы келесі: «Керейдің айқыш таңбасы» атты мақаламыздан біле жатарсыздар.  

Қайрат Зарыпхан. Шежіретанушы.