11 қаң, 2018 сағат 15:02

Бүгін құтқару қызметтеріне 4 мыңнан астам қоңырау түскен

ҚР ІІМ Төтенше жағдайлар комитеті елдегі боранға байланысты жүргізіліп жатқан жұмыстар жайында есеп берді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" ведомствоның ресми өкілі Руслан Иманқұловқа сілтеме жасап.

Астанадағы «Нұрсұлтан Назарбаев» әуежайында таңертеңгі 7-ден бастап барлық әуе рейстері тоқтатылды. Сағат 01.00-ден барлық бағыттар бойынша барлық көлік түрлері қозғалысына шектеу қойылды.

«112» пультіне 2000-ға жуық қоңырау келіп түсті, олардың көбі ақпараттық сыңайдағы қоңыраулар. Зардап шеккендер жоқ.

Ақмола облысында таңертеңгі 8-30-дан бастап, барлық көлік түрлері бойынша, барлық бағыттарға жол жабылды.

Құтқару қызметіне 1180 қоңырау түскен. Зардап шеккендер туралы ақпарат жоқ. Аршалы, Астрахан, Ерейментау, Целиноград, Шортанды аудандары маңайында 100-ден астам көліктің жиналып қалғаны байқалды.

Қарағанды облысында сағат таңғы 8-ден барлық көлік түрлері бойынша, барлық бағыттарға жол жабылды. «112» нөміріне 1300-ден астам қоңырау түсті. Ұлытау, Абай, Шет аудандарында апаттық-құтқару іс-шаралары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ, бүгін сағат 10:30-дан бастап ауа райының нашарлауына байланысты  «Қызылорда-Павлодар-Успенка-РФ шекарасына дейін» республикалық маңыздағы автожолының учаскесінде (12-216 шақырым аралығы, Қызылорда қаласы-Қарағанды облысының шекарасы) барлық көлік түрлері үшін қозғалыс тоқтатылды.