Бүгін Семей ядролық полигонының жабылғанына 28 жыл толды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
2009 жылғы 30 қазанда Қазақстан БҰҰ Бас Ассамблеясының Бірінші комитетіне 29 тамызды Бүкіләлемдік ядролық қарудан бас тарту күні деп жариялауды ұсынды. Қарардың бірлескен авторлары 26 мемлекет болды. Оның ішінде Армения, Беларусь, Бразилия, Катар, Қырғызстан, Моңғолия, Араб Әмірлігі, Тәжікстан, Түрікменстан, Жапония және басқа елдер бар. Ұсыныс бірауыздан қолдау тауып, БҰҰ Бас Ассамблеясы бұл күнді өз күнтізбесіне енгізді. Содан бері 29 тамыз Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні ретінде атап өтіледі.
Атаулы датаға 29 тамыздың таңдап алынуы да бекер емес. ҚР Президентінің 1991 жылғы 29 тамыздағы Жарлығымен Семей ядролық полигоны жабылған еді. 1949 жылдан беріқазақ даласын улап келген полигонның жабылуы кейін адамзат үшін тарихи оқиға деген баға алды.
СССР заманында бұл аумақ аса маңызды стратегиялық нысанның бірі болды. Атом бомбаларын сынақтан өткізу үшін Қазақстан аумағынан 18 млн га жер бөлініп, алғашында халық пен табиғатқа тікелей зардабын тигізген, ашық сынақтар жасалды. Кейін сынақтар жер астында жасала бастады. Жарты ғасырға созылған сынақтардан сол маңда тұратын 500 мыңдай адам тікелей азап шекті. Өйткені тәжірибелік алаңдарда 456 ядролық және термоядролық жарылыс жасалды.
1989 жылдың ақпанында Семей полигонын жабу мақсатымен «Невада - Семей» қозғалысының алғашқы митингі өтті. Ядролық сынақтардың қатері жөнінде барлық бұқаралық ақпарат құралдары содан кейін ашық ақпарат тарата бастады. Түрлі елдердің парламенттері өз сессияларында «Невада - Семей» қозғалысының ұрандарын талқылап жатты. Радиациялық сәулелердің зардаптары жайлы дәрігерлер мен ғалымдардың ашық әңгіме қозғауға батылдары жетті. Көпшіліктің қысымымен Семей полигонындағы сынақтар саны азая бастаған еді. Тұңғыш рет СССР Үкіметі ядролық қаруды сынауға тыйым салу туралы мораторий жасағаны да осы тұс. Ал Қазақстан Республикасының егемендігі туралы Декларацияда ел аумағы ядросыз аймақ деп жарияланды.
1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылып, 1992 жылдың мамырында оның базасында Курчатов қаласындағы Ұлттық ядролық орталық құрылды.
Араға 18 жыл салып аталмыш күн Ядролық қарудан бас тартудың халықаралық күні болып бекітілді. Биыл сол айтулы оқиғаға 10 жыл толып отыр.