Британия кинотеатрлары «Миньоны: Грювитация» фильмін көруге жиналған фанаттардың іс-әрекеттерімен күресіп әлек. Бұған TikTok және ондағы #gentleminions хештегімен шыққан жаңа тренд себеп болып отыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат агенттігі BBC News-ке сілтеме жасап.
Джентльминиондар – жасөспірімдер кинотеатрға классикалық костюм киіп және қолдарын басты кейіпкер Фелониус Грю сияқты ұстап келеді. Содан кейін шулап, сеанс кезінде түрлі заттарды лақтыра бастайды. Осы сюжетпен түсірілген роликтерді миллиондаған жасөспірім көріп, көбі қайталауға кіріскен.
Ал, кинотеатрлардың көпшілігі жасөспірімдердің осы әрекетінің кесірінен шығынға ұшырап жатыр. Өйткені, олар сеанстың үзілуіне байланысты фильмді көре алмағандарға ақшаларын қайтарып беруге мәжбүр. Енді олардың бірқатары костюм киген жасөспірімдердің залға кіруіне тыйым салды. Тіпті, Гернси аралындағы жалғыз кинотеатр араға бес жыл салып шыққан кішкентай сары адамдар туралы жаңа фильмді арықарай көрсетуден мүлдем бас тартқан.