10 мау, 2025 сағат 13:46

Британдықтар Қазақстаннан кетпегенде, елдің бүгінгі экономикалық жағдайы қандай болар еді?

Фото: Ашық дереккөз
Ult.kz-те жиһанкез журналист Динара Болаттың өзге пайымы

Бұрын Британия ықпалында болған Малайзияға келіп, британдықтар әкелген елдегі өзгерістерді көріп, келесі ой мазалай берді. Бірі білер, бірі білмес бірақ британдықтар біздің жерімізге де келген еді.

ХХ ғасырдың басында Ресей патшалығының ықпалы күшейіп, Совет үкіметі орнағанға дейін Қазақстандағы кейбір кен орындарын британдық инвесторлар игерген.

Британдық кәсіпкер Лесли Уркхарт Риддердегі қорғасын-мырыш кен орындарына және Екібастұздағы көмір кеніштеріне инвестиция салды. Ол басқарған Irtysh Corporation мен Киргиз Көмір Өндіру Компаниясы (Kirgiz Coal Mining Company) арқылы аталған кеніштерді иеленіп, ауқымды жұмыс бастаған еді. Уркхарттың бұл жобаларына Russo-Asiatic Corporation атты үлкен халықаралық корпорация қаржылай қолдау көрсеткен.

Фото: Лесли Уркварт британдық кәсіпкер/ourbaku.com
1917 жылғы Қазан революциясы мен большевиктер билігінің орнауы шетел капиталына түбегейлі тосқауыл қойып, инвесторлардың қазақ жерінен кетуіне мәжбүрлеп, орнына орыстар келді. Совет үкіметі бүкіл өндіріс құралдарын мемлекет меншігіне айналдырып, шетелдік кәсіпкерлердің бәрін қуып шықты. Кейін 1920-30 жж. Жезқазғанда мыс өндіруге британдық Lena Goldfields LTD келеді. Өкінішке  қарай олар да Сталиндік жүйемен жұмыс істей алмай кетеді. Осылайша Қазақстандағы еркін нарықтың дамуы тежеледі.

Мені мазалайтын ой сол кезде британдықтар Қазақстаннан кетпегенде, елдің бүгінгі экономикалық жағдайы қандай болар еді?

Британдық капитализмінің негізінде пайда болған Малайзия, Үндістан сияқты мемлекеттерде бүгінде экономиканың тек шикізатпен шектелмей, өндіруші, өңдеуші, қаржы және қызмет көрсету секторлары бірдей дамығанын көріп жүрміз. Мүмкін Қазақстан да сондай модельге қол жеткізер ме еді?

Британдықтар кен орындарын игеріп, сол жерде ұзақмерзімді жұмыс істеуді көздегенде жергілікті мамандарды даярлауға, техникалық колледждер мен инженерлік мектептер ашуы бек мүмкін еді. Осылайша біздің елде білікті мамандарды даярлау жүйесі мен жоғары технологияны меңгеру мәдениеті ертерек қалыптасар еді.

Әрине, британдықтардың қазақ жерінде қалуының тек пайдасы емес, мүмкін кедергілері де болар ма еді. Алайда жерімізді игеру арқылы ұлтқа әсерінің нәтижесінде ең болмағанда, бүгінде біздің екінші тіліміз орыс тілі емес, ағылшын тілі болар еді. Мұның елге де, ұрпаққа да ашар перспективасы зор болар еді.

Пайым


1917 жылы революция болмағанда, Қазақстанда британ капиталы мен институттары еркін дамуға мүмкіндік алғанда, біз бүгін технологиялық тұрғыда дамыған, экономикасы мықты, білім мен ғылымы әлемдік деңгейдегі ел болуымыз мүмкін еді. Әрине ақыры болмаған нәрсе бұл жай ғана қиял көрінер. Алайда ол қазіргі таңда қандай мүмкіндіктерді жіберіп алғанымызды және болашақта қандай бағытта дамуға болатынын ұғынуға көмектесетін бір нұсқа деп қабылдауға болады.

Динара Болат