Фото: First News Media
Бразилияның Грамаду қаласында шағын ұшақ апатқа ұшырады. Салдарынан борттағы 10 адамның барлығы қаза тауып, оннан астам адам жарақат алды, деп хабарлайды Kazinform CNN-ге сілтеме жасап.
Ұлттық азаматтық қорғаныстың мәліметінше, апат ұшақ әуеге көтерілгеннен кейін бірнеше минут өткен соң болған. Ұшақ алдымен ғимараттың мұржасына, кейін үйге, соңында жиһаз дүкеніне соғылған.
Риу-Гранди-ду-Сул штатының азаматтық қорғанысының мәліметінше, кем дегенде 17 адам зардап шеккен. Олардың көпшілігі апаттан шыққан өрт түтінінен уланып, ауруханаға жеткізілді.
Риу-Гранде-ду-Сул губернаторы Эдуардо Лейтенің хабарлауынша, ұшақ бортындағы 10 адамның барлығы қаза тапқан. Мемлекеттік азаматтық қорғаныстың мәліметінше, олардың барлығы бір отбасының мүшелері.
Билік қайғылы оқиғаның себебін анықтауды жалғастырып жатыр. Бразилия президенті Луис Инасиу Лула да Силва қаза тапқандардың отбасына көңіл айтты.
– Зардап шеккендер тез сауығып кетеді деп үміттенемін. Әскери-әуе күштері оқиғаның себебін анықтап жатыр. Ал федералды үкімет штат пен жергілікті билік органдарына жағдайды тезірек анықтау үшін көмектесуге дайын, - деп жазды ол X әлеуметтік желісінде.
Еске сала кетсек, тамыз айында Бразилияның Сан-Паулу қаласына жақын жерде Voepass компаниясының жолаушылар ұшағы апатқа ұшырады. Компанияның хабарлауынша, ұшақта 61 адам болған. Жолаушылар мен экипаж мүшелерінің ешқайсысы тірі қалмаған. Бразилия президенті Луис Инасио Лула да Силва қайғылы оқиға туралы жаңалық белгілі болған кезде өзі сөз сөйлеген шарада бір минут үнсіздік жариялады. Кейін ол қаза тапқандар үшін елде үш күн аза тұту күнін жариялады.