22 шіл, 2020 сағат 18:43

Бразилияда коронавирустан 81 мың адам көз жұмды

Бразилия президенті Жаир Болсонару коронавирусқа қан талдауын тапсырды, деп хабарлайды Reuters агенттігі.

Бразилия коронавирус пандемиясынан қатты зардап шеккен елдер тізімінде Америка Құрама Штаттарынан кейінгі екінші орында тұр. 

Денсаулық сақтау министрлігінің статистикасы бойынша, Балсонару коронавирус анықталған 2,2 миллион тұрғынның бірі. Бразилияда COVID-19-дан 81 000 адам көз жұмды.

Еске сала кетсек, 7 шілде күні Балсонарудың коронавирусқа тапсырған қан талдауы президенттің вирус жұқтырғанын анықтады. Өткен аптада тапсырған екінші талдау да коронавирус бар екенін көрсетті. 

Бұған дейін Балсонару коронавирус инфекциясымен күресте тиімділігі дәлелденбеген «гидроксихлорохин» препаратын қолданғанын хабарлаған. Препаратты АҚШ президенті Дональд Трамп та жарнамалаған болатын. Оның ойынша, бұл дәрі аурудың жеңіл өтуіне көмектеседі.

Бразилия Президенті жағдайының жақсы екенін айтып, тіпті жұма күні елдің солтүстік-шығысындағы Пиауи штатына сапарлап баруды жоспарлап отқанын жеткізді.