Сенбі, 19 маусым күні Бразилияда коронавирус жұқтырып, қайтыс болғандар саны 500 мыңнан асты. Бұл туралы Reuters агенттігі хабарлады. Агенттіктің жазуынша, вакциналаудың баяу жүргендігінен және үкіметтің әлеуметтік қашықтық ұстануды қолдамауынан індеттің өршуі күшейе бермек.
Reuters агенттігінің дерегінше, Бразилияда халықтың небәрі 11 пайызы ғана Covid екпесін алған. Қыс айларының келуімен (Жердің экватордан төмен бөлігінде маусым, шілде, тамыз қыс айлары саналады) ахуал ушығуы мүмкін.
Бразилия денсаулық сақтау министрлігінің сенбідегі дерегінше, елде коронавирус 17,9 миллион адамнан анықталса, соның 500 мың 800-і қайтыс болған. Кісі өлімінің бұл көрсеткіші бойынша бұл елден тек АҚШ қана озып тұр. Кейінгі аптада Бразилияда орташа есеппен күн сайын 2000 кісі көз жұмып отырған.
Мамандар кісі өлімі деңгейі бұдан да артуы мүмкін дейді.
"Меніңше вакцинаның әсерін көргенше қайтыс болғандар саны 700 мыңға не 800 мыңға жетуі ықтимал" деді Бразилия денсаулықты қадағалау ұлттық агенттігінің (Anvisa) бұрынғы басшысы Гонзало Весина.
Весина елдің әсіре оңшыл президенті Жаир Болсонаруды пандемиямен күресе білмеді деп айыптайды. Бразилия басшысы вирустың қаупі әсіреленген деп, індетпен күрес жөніндегі шараларға және Covid екпелеріне сенімсіздікпен қараған.
Елдегі Fiocruz биомедициналық орталықтың зерттеушісі Рафаэль Гимараес Бразилияда екпе науқаны баяу жүріп жатқанын, сол себепті оның әсері тек қыркүйекке дейін сезілмейтінін айтады. Оның сөзінше, жағдай осылай жалғаса берсе күніне 3 мың адам көз жұмған наурыз-сәуірдегі ахуалға оралуға болады.
Осы аптада Бразилияда коронавируспен күніне 70 мың адам тіркеліп отырды.
Латын Американың халқы ең көп елінде коронавирус осы аптада күніне 70 мың адам анықталып отырды.
Сенбі күні ел бойынша мыңдаған адам көшеге шығып, Болсонарудың індетке қарсы саясатына наразылық білдірді.
"Ол вакцинаны сатып алуға көп уақыт шығындады" деді Рио-де-Жанейродағы шерушілердің бірі Дениз Азеведо Reuters агенттігіне. "Ұжымдық иммунитет көп үміт артудың қажеті жоқ. Сізге қажет иммунитетті тек вакцина ғана бере алады. Алдын ала емдеу деген нәрсе жоқ".