17 ақп, 2022 сағат 10:45

Бразилияда 90-нан аса адам су тасқынының құрбаны болды


Бразилияда Рио-де-Жанейроның Петрополис таулы аудандарында нөсер жаңбыр жауып, көшкін мен су тасқыны салдарынан қаза тапқандар саны 94-ке жетті, олардың сегізі – кәмелеттік жасқа толмағандар.

Бұл туралы ҚазАқпарат ресейлік ТАСС агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Бұдан бұрын 71 адамның қаза тапқаны туралы хабарланған.

Қазіргі кезде құтқарушылар үйінділер астынан 24 адамды шығарды, 35 адам іздестіріліп жатыр. Аталған жұмыстарға 400 құтқарушы, 200 полицей, сонымен қатар әскерилер мен еріктілер жұмылдырылған. Штат губернаторы Клаудиу Кастру сейсенбі күні кештен бастап төтенше жағдай салдарын жою жөніндегі ведомствоаралық күштерді үйлестіру үшін қалаға келді.

«Бұл 1932 жылдан бергі жауған ең қатты жаңбыр болды», - деп мәлімдеді губернатор БАҚ-қа.

Бұдан ертерек жедел қызметтер шамамен 190 көшкін мен 230 кіші апат туралы ақпарат алған, 80 тұрғын үйге зақым келіп, олардың кем дегенде 54-і толығымен қираған. Қалаға сейсенбі күні алты сағат ішінде 260 мм жауын-шашын түскен. Қала билігі қаралы күн жариялап, төтенше жағдай режимін енгізді. Синоптиктерің болжауынша, жақын күндері тағы да жауын-шашын түспек.

Бразилия Президенті Жаир Болсонару қазіргі кезде іс-сапармен Мәскеуде жүр. Ол әлеуметтік желілерде табиғи апаттан зардап шеккендерге көмек көрсету, сонымен қатар әскерлерді жұмылдырып, апат салдарын жою туралы бұйрық берді. Болсонару жұма күні Ресей мен Мажарстанға сапарынан оралғаннан кейін бірден қалаға келуі керек. Болған оқиғаға байланысты Ресей басшысы Владимир Путин көңіл айтты.

Бразилияның солтүстігі, оңтүстігі мен оңтүстік-шығысында жаз кезінде (желтоқсанның аяғы мен наурыздың аяғы аралығы) мол жауын жауады, қауіпті жағдай жыл сайын қайталанып отырады. Ол Амозониядағы экваторлық ормандағы жылы ылғалды ауаның оңтүстік-шығыс бағытта Атлант мұхитына қарай жылжуынан болып отыр. 2020 жылдың қаңтарында елдің оңтүстік-шығысында болған табиғи апаттан 66 адам қаза тапты. 2021 жылғы қараша – жаңбырлы маусымның басынан бері Баия, Минас-Жерайс, Рио-де-Жанейро және Сан-Паулу штаттарында 150-ден аса адам қаза тапқан.

2011 жылы қаңтарда көшкін мен су тасқыны салдарынан Рио-де-Жанейроның таулы аудандарында 900-ден аса адам қайтыс болып, 100-ге жуық адам із-түзсіз жоғалған, 35 мың тұрғын үйсіз қалған.